Ерлан Қарин сүйікті кітаптарының тізімін жариялады
АСТАНА. KAZINFORM – Әдеби челленджді мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қабылдап, eGov арқылы белгілеген сүйікті кітаптарын ұсынды.

— Құрметті достар, «Ұлттық кітап күні» биыл алғаш рет аталып өткенін білесіздер. Мұның түпкі идеясы былтырғы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдан басталады. Мемлекет басшысы @tokayev_online озық ойлы ұлт болу туралы айта келіп, оның бір кілті осы кітап оқу дағдысында жатқанына тоқталған болатын. Сөйтіп, Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша 23 сәуір «Ұлттық кітап күні» болып бекітілген еді, — деді ол.
Ерлан Қарин қандай кітап оқу деген мәселе де өте маңызды дүние екенін айтты.
— Кітап оқу өз алдына, қандай кітап оқу деген мәселе де өте маңызды дүние. Бұл ретте, кім нені оқып жатыр, мен не оқимын деген сұрақ алға шығады. Оқырмандар арасында кітап алмасу мәдениеті де бар екенін білесіздер. Жазушыларымыздың да қолға түсе бермейтін кітапты бір-бірінен аттай қалап, сұрап, тіпті «сұрамай» алып жататыны туралы да естеліктер де аз емес. Мұның бәрі, түптеп келгенде, адамзаттың кітапқа құмарлығын ғана емес, кітапқа деген талғамын да көрсетеді, — деді Мемлекеттік кеңесші.
Ол жақында желіде белгілі ақын Қалқаман Сариннің бастамасымен бастау алған әдеби эстафетаны дінтанушы, қоғам белсендісі Қайрат Жолдыбайдан алып, жалғастырып, бүгін eGov арқылы белгілеген сүйікті кітаптарын ұсынды:
1. Абай. Қара сөздер жинағы;
2. Мағжан Жұмабаев. Өлеңдер жинағы;
3. Мұхтар Әуезов. «Абай жолы»;
4. Жыраулар поэзиясы. «Бес ғасыр жырлайды»;
5. Ілияс Есенберлин «Көшпенділер»;
6. Бауыржан Момышұлы «Соғыс психологиясы»;
7. Әбіш Кекілбаев «Үркер»;
8. Дулат Исабеков «Қарғын»;
9. Максим Зверев «Кладовая чудес»;
10. Төлен Әбдік «Парасат майданы».
— Әдеби эстафетаны жалғастыру үшін, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы — Қошанов Ерлан Жақанұлына @koshanov_online, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновке, Ұлттық музей директоры — Берік Әбдіғалиұлына @abdygaliuly, белгілі журналист, блогер — Өркен Кенжебекке @orkeni жолдаймын. Құрметті кітапсүйер қауым, сіздер де жалпыхалықтық сауалнама қатысып, eGov порталы арқылы сүйіп оқитын 10 кітабыңызды ұсына аласыз. Сауалнама нәтижесі қазақ руханиятындағы тағы бір атаулы мереке — «Абай күні» (10 тамыз) жарияланады, — деді Ерлан Қарин.
Айта кетелік редакция алқасы Қазақстан тарихы жөніндегі академиялық басылымның бірінші томын қараған еді.