Ерлан Қарин: Жаңа Конституция тек құқықтық құжат емес
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелерімен бірге Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, өңір жұртшылығымен бірқатар кездесу өткізді.
Мемлекеттік кеңесшімен бірге өңірге Жалпыұлттық коалицияның мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары Снежанна Имашева, Еркін Әбіл, Айдарбек Қожаназаров, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Президент Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева, продюсер Алмас Жали және Uni-Q Group медиахолдингінің бас директоры Мұхамедқали Тауан барды.

Сапар этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесуден басталды. Ерлан Қарин жаңа Конституция тек құқықтық құжат емес, сонымен қатар мүдделер теңгерімін, ынтымақтастықты, өзара құрметті және ел болашағына ортақ жауапкершілік құндылықтарын бекітетін қоғамдық келісім екенін атап өтті. Ол «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты қоғам тұтастығын нығайтатынын айтты.
Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева мен Еркін Әбіл институционалдық жаңғырту тетіктері және дербестікті қорғау мәселелері жөнінде пікір білдірді. Олардың айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың шешім қабылдауға қатысуын күшейтіп, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың әлеуметтік әділетті моделін қалыптастырады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов пен этномәдени бірлестіктер өкілдері Халық Кеңесінің этносаралық және конфессияаралық диалог алаңы ретіндегі, тең мүмкіндіктерді қолдау және қоғамдық келісімді нығайтудағы рөлін атап өтті.

Сапар барысындағы негізгі іс-шара облыс активімен кездесу болды. Оған шамамен 300 адам қатысты. Олардың қатарында қоғам қайраткерлері, диқандар, өнеркәсіп мамандары, әлеуметтік сала қызметкерлері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, спортшылар және жастар болды.
Ерлан Қарин Конституция жобасын әзірлеу барысына жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, референдум жаңа Конституция жобасын жарты жылдан астам уақыт бойы кең көлемде қоғамдық талқылаудың заңды қорытындысына айналады. Жаңа Ата Заң мемлекет пен қоғамның өзара тиімді іс-қимылына негізделген мемлекеттік-саяси құрылыстың заманауи моделіне түбегейлі көшуді білдіреді.
Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева мен Айдарбек Қожаназаров жоба билік институттарының өкілеттіктері мен жауапкершілігі арасындағы тепе-теңдікті бекітетінін, сондай-ақ экономиканы, инновацияларды дамытуға және инвестициялар тартуға жағдай жасайтынын атап өтті.
Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры Дмитрий Павленко еңбек, білім, ғылым және инновация құндылықтарының бекітілуі жастардың кәсіби тұрғыда өсуіне және заманауи экономиканың дамуына берік негіз қалайтынын айтты.
Сапар аясында делегация «Agromash» және «Allur» зауыттарының жас мамандарымен кездесті. Ерлан Қарин адами капиталдың, білім мен ғылымның және азаматтардың еңбектегі жетістіктерінің басымдығына тоқталды. Коалиция мүшелері жоба әлеуметтік әділдікті күшейтуге, жұмыспен қамтуды қолдауға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталғанын мәлімдеді. Жас мамандар Конституцияны сала үшін тұрақты жағдай қалыптастыратын әрі кәсіби дамуға мүмкіндік беретін маңызды құжат ретінде бағалайтындарын жеткізді.

Сондай-ақ өңірде креативті жастар өкілдерімен кездесу өтті. Онда білім, ғылым, мәдениет және инновацияларды мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде бекіту, зияткерлік меншікті құқықтық қорғау мәселелері талқыланды.
Жалпы, Қостанай облысындағы кездесулер қоғамның 2026 жылғы 15 наурызда өтетін референдумға жоғары қызығушылық танытып отырғанын көрсетті.
Айта кетейік, Ақтөбеде референдумды қолдауға арналған жастар фестивалі өтті.