Ерлан Қарин: Жаңартылған Конституция — ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолы

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин Конституциялық реформаның нәтижелері туралы айтты.

Қарин ішкі саясат мәселелерін талқылау үшін Ұлттық құрылтай мүшелерімен кездесті
Фото: Ақорда

Ерлан Қарин атап өткендей, осыдан тура үш жыл бұрын елімізде жалпыұлттық референдум өтіп, азаматтарымыздың көпшілігі Конституцияны жаңарту туралы бастаманы қолдады. Соның нәтижесінде Ата Заңымыздың үштен бірі өзгерді.

— Конституциялық реформа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді жан-жақты жаңғыртуға арналған стратегиялық бағдарын жүзеге асыруға берік институционалдық негіз қалады. Атап айтқанда, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлаудың аралас жүйесі енгізілді, әйелдер мен жастарға 30% квота белгіленді, партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Президент өкілеттігінің жеті жылдық бір ғана мерзіммен шектелуі маңызды жаңалықтың бірі болды. Конституциялық Сот құрылып, адам құқықтарын қорғау тәсілдері күшейтілді. Ата заңға жер және оның қойнауы халыққа тиесілі деген норма енгізілді. «Ұлттық қор — балаларға» жобасы осы ереженің іс жүзіндегі нақты көрінісіне айналды. Оған сәйкес Қазақстандағы барлық баланың есепшотына Ұлттық қор табысынан қаржы аударыла бастады, — деді Қарин.

Оның сөзінше, конституциялық реформа Қазақстанда мүлде жаңа саяси жағдай қалыптастырумен қатар, бүкіл аймағымыз үшін жаңа үрдіске жол ашты. 

— Еліміздің саяси жүйесін жетілдіру үдерісі әлі де жалғасып жатыр. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілі енгізілгеннен бері олардың құрамы толық жаңарды. Биылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері де тікелей сайланады. Жалпы алғанда, елімізде жыл сайын жүздеген сайлау науқаны өтеді. Бұл үдеріс елдегі қоғамдық-саяси өмірдің күнделікті көрінісіне айналды.  Ең бастысы, реформалардың нәтижесінде елде жаңа саяси мәдениет қалыптасып, азаматтарымыздың құндылықтар жүйесі жаңғырып жатыр. Осылайша, жаңартылған Конституция ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын түбегейлі өзгерістерді бастап берді, — деп түйіндеді мемлекеттік кеңесші.

Осыған дейін мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Орталық Азия — Қытай: аймақтық әріптестіктің жаңа көкжиектері» атты талдау орталықтары V форумының ашылуына қатысқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар