Ерлан Қаринге сұрақ қойған қытайлық ғалым сынға ұшырады

АСТАНА. KAZINFORM — Өткен айда Қытайға сапары барысында Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Кариннің жергілікті ғалымдарымен сұхбаты елде қызу пікірталас тудырды.

Ерлан Қарин
Фото: ruc.edu.cn

Қытайдың Жэньминь университетінің «Чонгян қаржылық зерттеулер институты» ресми сайтының хабарлауынша, 22 қарашада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин Жэньмин университетінде болып, «Қазақстанның реформасы және Қытай-Қазақстанның тұрақты жан-жақты стратегиялық әріптестігі» тақырыбында баяндама жасады.

Сөзден кейін Жэньмин университетінің ғалымы Ван Сянжу Қаринге сұрақ қойды. Ол Қазақстанға барған кезде «барлық жерде балаларды» көргенін, ал Қытайда бала туудың төмендігі дилеммасы тұрғанын айтты.

Ван Сянжу
Фото: ruc.edu.cn

- Біздің елдегі әйелдер тұрмысқа шығуға немесе бала сүюге құлықсыз, ата-аналары немесе басшылары, мейлі кім кеңес берсе де, олар тыңдамайды. Менің естуімше, Қазақстанда колледж студенттері мектеп бітіргеннен кейін бірінен соң бірі бала туа бастайды екен. Неліктен олар сіздердің сөздеріңізге сенеді? Әйелдер мойынсұнушылықпен ерте балалы болуы үшін қандай әдістерді қолдандыңыздар? - деп сұрайды Ван Сянжу.

Бұл сұраққа Ерлан Қарин былай деп жауап берді:

- Әйелдерді балалы болуға мәжбүрлеуге болмайды.

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Қазақстандағы әйелдердің саясатқа араласатынын, мәселе көтеріп, адам құқықтарын қамтамасыз ететінін атап өтті. Бұл балалардың қауіпсіздігі мен әйелдердің құқықтарына қатысты маңызды заңдардың қабылдануына ықпал етіп, әйелдер құқығын қорғаудың жаңа механизмін қалыптастырғандығын жеткізді.

Сондай-ақ Ерлан Қарин Қазақстан энергия табысының бір бөлігін Ұлттық қорға аударатынын және әрбір жаңа туған нәресте осы қор шотынан дивиденд ала алатынын айтты.

Екеуінің бұл сұрақ-жауап әңгімесі кейінірек Жэньмин университеті Чуньян қаржы зерттеулер институтының WeChat қоғамдық аккаунтында жарияланып, соңғы күндері қытайлық интернетте пікірталас тудырды.

Көптеген қытайлық желі қолданушылары, әсіресе әйелдер Ван Сянжудің сұрағына қатты наразылық білдірді.

Кейбір желі қолданушылары Ван Сянжудың сұрағын «әйелдерге деген құрметсіздікке толы», «әйелдерді адам емес, бала туатын құрал ретінде көреді» деп сынады.

Сонымен қатар көпшілік Ерлан Қариннің жауабын жоғары бағалады. Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісінің жауабы елдің өркениеттілігі мен озық деңгейін көрсетеді деп санайды.

Ашық деректер бойынша, 70 жастағы Ван Сянжу Қытайдың Жэньминь университетінің орыстану орталығы директорының орынбасары болып табылады. Ол Қытай Мемлекеттік кеңесінің дамуды зерттеу орталығында және Беларусьтегі Қытай елшілігінде жұмыс істеген, Global Times газетіне көптеген мақала жазған.

Көп мөлшердегі сынға байланысты мақала Қытайдың Жэньмин университеті Чонгян қаржылық зерттеулер институтының WeChat қоғамдық аккаунтынан өшірілді.

Қытай бір кездері әлемдегі халқы ең көп ел болған. Алайда, ондаған жылдар бойы халықты шектеу саясатынан кейін Қытайда туу көрсеткіші айтарлықтай төмендеді. Бала тууды ынталандыру үшін әртүрлі бағдарлама шығарғанымен, ресми деректер Қытай халқының саны 2023 жылы 2,08 миллион адамға азайып, екінші жыл қатарынан қысқарғанын көрсетеді.

Айта кетейік, Қытай әуе компаниялары 700 миллион жолаушы тасымалдап, жаңа рекорд орнатты.

Соңғы жаңалықтар