Ерлан Қошанов Мәжілістің сессиясын қорытындылады
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов VIII сайланған ҚР Парламентінің үшінші сессиясындағы палатаның жұмысын қорытындылады.

- Бүгін біз Мәжілістің үшінші сессиясының жұмысын аяқтап отырмыз. Парламенттің жалпы жұмыс қорытындысы дүйсенбі күні, 30-шы маусымда қос палатаның бірлескен отырысында жасалады. Ал қазір Мәжіліс қызметінің кейбір нәтижелеріне қысқаша тоқталып өтейін. Осы сессияда 39 жалпы отырыс өткізіліп, 249 мәселе қаралды және 90 заң қабылданды, - деді Е. Қошанов.
Осы орайда ол депутаттар ең әуелі азаматтардың әлеуметтік жағдайына ерекше мән бергенін айтты.
Біріншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты тәсілдер қайта қаралды. Барлық азамат үшін, тіпті сақтандырылмаған болса да, алғаш жүгінген кезде тегін базалық медициналық көмектің сақталуы үлкен жетістік болды. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне онкологиялық скринингтер енгізілді. Сондай-ақ, құлағы нашар еститін жандарды, әсіресе балаларды жергілікті бюджет қаржысы есебінен есту аппаратымен қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылды.
- Мемлекет басшысының бастамасымен біз «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің заңнамалық негізін қаладық. Жаңа жинақтау жүйесінің арқасында балалардың сапалы білім алуына қосымша мүмкіндіктер беріледі. Сонымен бірге, халықаралық ғылыми жарыстарға қатысушылардың үздіктері конкурссыз, соның ішінде «Болашақ» бағдарламасы аясында білім гранттарын алатын норма енгізілді. Бұл – біздің балаларымыз үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау, - деді Мәжіліс төрағасы.
Оның айтуынша, депутаттардың қызметіндегі басты бағыт «Заң мен тәртіп» қағидатын заңнамалық тұрғыдан одан әрі іске асыру болды. Депутаттар еліміздің қылмыс жазасы кодекстерін оңтайландыру бойынша үлкен жұмыс атқарды. Азаматтарды қылмыстық қастандықтан қорғауға бағытталған заңдар қабылданды. Жағымсыз әлеуметтік құбылыстарға жауап ретінде интернет-алаяқтық жасағаны үшін «дропперлерге» қатысты қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Депутаттар некеге тұруға мәжбүрлеу ісі үшін де жаза енгізді.
- Адамның бет-әлпетін танып-білуге кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынды. Жауапкершілікті күшейтумен қатар, депутаттар ізгі шешімдер қабылдау қажеттігін де ұмытқан жоқ. Кейбір азаматтардың абайсыздан, қиын өмірлік жағдайда жүріп құқықбұзушылыққа баратыны белгілі. Сондықтан біз есірткі таратушылар мен өндірушілер арасындағы қылмыстық жауаптылықтың ара-жігін ажыраттық. Бұл Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы болатын. Қазірдің өзінде алғаш рет сүрініп, есірткі жасырған жас азаматтарға қатысты үш мыңнан астам іс қайта қаралып, оларды босату мен үкімді жеңілдету бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр, - деді ол.
Сонымен қатар Е. Қошанов Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында депутаттар тарапынан Рақымшылық жасау туралы заң әзірленіп, қабылданғанын еске салды. Кеше ғана Мемлекет басшысы ол құжатқа қол қойып, заң күшіне енді. Рақымшылық жасау арқылы 15 мың адамның жаза мерзімі қысқартылады. Оның 2 мыңға жуығы бостандыққа шығады.
- Сессия барысында депутаттық сауал секілді маңызды тетіктер де белсенді түрде жүзеге асты. Мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлері атына 461 депутаттық сауал жолданып, азаматтарды толғандырып жүрген ең өзекті мәселелер көтерілді. Көптеген проблема сол сауалдардың нәтижесінде шешімін тауып жатыр... Әріптестер, Парламент сессиясы аяқталып қалды. Енді сіздер өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесесіздер. Бұл бізге ел-жұрттың сауалдары мен ұсыныстарын өз аузынан естуге, өңірлердегі шынайы жағдайды өз көзімізбен көруге мүмкіндік береді, - деді ол.
Айта кетейік, бүгін Парламент Мәжілісі жаңа Салық кодексі мен ілеспе құжатқа Сенаттың жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптарымен келісті.