Ерлан Қошанов Парламент келесі сессияда қандай заң жобаларымен жұмыс істейтінін айтты

Ерлан Қошанов Парламент келесі сессияда қандай заң жобаларымен жұмыс істейтінін айтты
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Парламент, Үкімет және сарапшылар қоғамдастығы үйлесімді әрі жан-жақты жұмыс істеуі қажет. Бұл туралы Парламенттің 2-сессиясының жабылу рәсімінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты.

«Біз алдағы заң шығару жұмысының берік негізін қаладық. Қыруар жұмыс атқарылды. Кеше ғана өз сөзінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент жұмысына оң бағасын берді. Келесі сессияда да осы қарқыннан таймауымыз қажет. Ең алдымен Мемлекет басшысының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге баса назар аударуымыз керек. Президенттің Сайлауалды бағдарламасын орындау негізгі басымдық болып қала береді. Еліміздің жаңа экономикалық моделінің құқықтық негізін қалыптастыру жұмысын жалғастырамыз. Депутаттар алдағы кезеңде де елдегі басты мәселелерді шешіп, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға атсалысуы керек. Осынау өзгерістердің нәтижесін әр азамат, әр отбасы нақты сезінуі қажет», - деді Мәжіліс төрағасы.

Оның атап өтуінше, қазіргі кезде Парламент қоржынында 71 заң жобасы бар.

«Депутаттық корпус енді Бюджет, Салық, Құрылыс, Су кодекстері бойынша жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар біз мүлдем жаңа Цифрлық кодексті күтіп отырмыз. Алдымызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет, есірткімен күрес, дін, сот жүйесіндегі реформалар және басқа да мәселелерге қатысты заң жобалары бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Парламент, Үкімет және сарапшылар қоғамдастығы үйлесімді әрі жан-жақты жұмыс істеуі қажет. Осылай тығыз байланыс жасау арқылы ғана алға қойған мақсаттарға қол жеткізіп, еліміздегі өзекті проблемаларды шешуге ықпал ете аламыз деп сенемін», - деді Ерлан Қошанов.

Соңғы жаңалықтар