Ерлан Нысанбаев браконьерлер жайында: Шартты түрде сотталып, ертеңінде-ақ аңға шығады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Охотзоопром» инспекторы браконьерлердің қолынан қаза тапқаннан кейін оларға қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді ұсынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Инспекторымыздың қазасымен байланысты қайғылы оқиғадан кейін көптеген мәселені, әсіресе, браконьерлік, қорғау заңнамасын қайта бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды қарастырып жатырмыз. Осыған орай өткен аптада Бас прокуратура, ІІМ, ҰҚК, Қаржы министрліктерінің қатысуымен кеңес өткізіп, браконьерліктің жолын кесудегі орын алып отырған проблемаларды талқыладық. Біз заңды қатаңдату қажет деген ортақ пікірге келдік», - деді ол Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген мәжілісінен кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Оның атап өтуінше, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Қылмыстық Кодекстен браконьерлік үшін шартты түрде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны алып тастауды ұсынған.

«Адам белгілі бір мерзімге міндетті түрде қамалуы тиіс. Бүгінгі күні заң барынша икемді, көпшілігі бір құқық бұзушылықты қайталап жатады. Шартты түрде жаза алғаннан кейін олар келесі күні аңға шығып, браконьерлікпен айналысады. Бұған дейін шартты түрде және бас бостандығынан айыру болған. Бірақ, көпшілігі шартты мерзім алады», - деді Е.Нысанбаев.

Сонымен қатар вице-министр инспекторларды әлеуметтік қолдау мәселесіне де тоқталды.

«Бүгінде инспекторлардың жалақысы мардымсыз, шамамен 80-90 мың теңге ғана. Бұған қосымша сыйақы алады. Бірақ, біз браконьерлерден алынатын төлемнің 30 пайызы инспекторларға ынталандыру түрінде төленуі қажет деп есептейміз. Бұл күшті ынталандырушы күш бола алар еді»,- деді ол.

Ерлан Нысанбаев браконьерлердің материалдық базасы инспекторларға қарағанда біршама жоғары екендігіне де назар аударды.
Оның айтуынша, инспекторлар ресейлік УАЗ көлігін мінсе, браконьерлер жылдамдығы жоғары, жол талғамайтын көліктермен жүйткіп жүреді. Сондықтан министрлік алдағы уақытта киіктерді қорғаумен айналысатын аумақтық инспекторларды техникамен қамтамасыз ету үшін 1,2 млрд теңге бөлгелі отыр.

Естеріңізге сала кетсек, 5 киік атқан браконьерлермен қақтығыста ауыр жарақат алған «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Ерлан Нұрғалиев 15 қаңтарда Астананың №1 ауруханасында қайтыс болған еді.

Артынан инспектор өліміне қатысты браконьерлердің барлығы анықталып, ұсталды.

4 ақпанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен табиғат қорғаушы инспекторлар марапатталды.

Соңғы жаңалықтар