Ерлан Сағадиев сынға қалды: Қазақстан білім рейтингінде 77-орынға түсіп кеткен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті білім саласындағы халықаралық рейтингте Қазақстанның төмен көрсеткіш көрсетуіне байланысты сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Жалпы, біздің елдің біліміне жақсы баға берілгенімен, білім саласындағы БЭФ ЖБҚ рейтингінде (Бүкіләлемдік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингі) біздің позициямыз нашарлап барады. Аталған рейтингте 2017 жылы 73-орында болсақ, қазір 77-орындамыз. Ерлан (Сағадиев - авт.), жұмысты нашарлатып жібердің...», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президенттің бұл ескертпесіне жауап берген министр Сағадиев шынында да 2017 жылы Қазақстан білім саласы бойынша аталмыш рейтингте жоғары тұрғанын растады.

«Аса ауқымды жұмыстар атқарылды. Колледждер мен ЖОО-дағы, мектептегі бағдарламаларды сіздің тапсырмаңыз бойынша ауыстырдық. Оқулықтармен жұмыс істедік, кадрлар даярланды. 2018 жылы кешенді көрсеткіш бойынша біз БЭФ ЖБҚ рейтингінде әлемде 57 орынға көтерілдік. Бірақ, Нұрсұлтан Әбішұлы, 2017 жылы сауалнамалық көрсеткіш болды ғой. Біз реформаларды қолға алғалы бәрі шулап жатыр. Газеттер шулап жатыр. Халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сол себепті сауалнамалық көрсеткіште төмендедік», - деді Ерлан Сағадиев.

Осы кезде Мемлекет басшысы министрге «Неге шулап жатыр? Елге түсіндіру керек. Оның барлығын балалар жақсы оқуы үшін жасап жатырмыз» деді.

«Менің ойымша, осы жылы көрсеткішті айтарлықтай жақсартамыз», - деді министр.

Сөз соңында Президент министрге «Дұрыс жолдасың. Жарайсың. ЖОО-ларда да, мектептерде де сол жұмыстарды жалғастыра бер» деді.

Еске сала кетсек, Үкімет үйінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтіп жатыр. Елбасының қатысуымен Үкіметтің мұндай отырысы жыл басында тұрақты түрде өткізіледі. Бүгінгі жиынға Үкімет мүшелері, Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен министрліктер басшылары қатысуда.

 

Соңғы жаңалықтар