Ерлан Тұрғымбаев Ішкі істер министрлігінде қызмет ететін қыз-келіншектерді құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық әйелдер күніне орай, ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ҚР Ішкі істер органдарының қызметкерлері, ардагер әйелдерді және жұмыс барысында мерт болған қызметкерлердің жұбайларын құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Ерлан Тұрғымбаев Ішкі істер министрлігінде қызмет ететін қыз-келіншектерді құттықтады

«Халықаралық әйелдер күні - көктемнің алғашқы мейрамы, әйелдің теңдігі мен сән-салтанатының белгісі. Әрбір көктем - табиғаттағы жаңа өмірдің бастауы болса, әрбір әйел - отбасының ұйытқысы, қоғамның, мемлекеттің және әлемнің ең әсем тұлғалары. Кәсіби шеберліктеріңізбен және қызметтеріңізді адал атқару арқылы қоғамдық тәртіпті сақтауға, қылмыспен күресуге, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандығының сақталуына үлес қосып келесіздер», - деді министр Ерлан Тұрғымбаев.

Салтанатты шарада министр жұмыс барысында мерт болған милиция кіші лейтенанты Жанайдар Жирентаевтың әйелі - Назкен Жирентаеваны және полиция капитаны болған Марғұлан Қонаевтың жұбайы - Зәуре Исенованы 8 наурыз мерекесімен құттықтады.

«Менің күйеуім Жанайдар Жирентаев 1994 жылы қауіпті қылмыскерлерді ұстау кезінде мерт болды. Содан бері 25 жыл өтті. Қаншама көз жасы төгілді. Орны толмас қайғы еңсерілмейтіндей көрінді. Бірақ, Жанайдардың достары, әріптестері үнемі жанымыздан табылды. Мейрамдарда бізді ұмытқан емес. Әке жолын бүгінде қызымыз Динара мен күйеу баламыз жалғастырып келеді. Жанайдардың атына көше берілді, еске алу тақтасы қойылды. Мұның барлығы - министрліктің, офицерлердің қамқорлығы, бізге деген ықыласы. Сондықтан, аналар мен қаза тапқан батырлардың жұбайлары атынан алғыс айтамын», - деді Назкен Жирентаева.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР Ішкі істер органында 159 мың адам жұмыс істейді және 14 мыңға жуығы - әйелдер.

Бүгін министрдің бұйрығымен Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 500 қызметкер өз қызметін адал атқарғаны үшін марапатталады.