Ерлан Тұрғымбаев қаза тапқан полицейлердің отбасына көңіл айтты
«Біз үшін бүгін өте ауыр күн, орны толмас қайғы. Айдың күннің аманында Алматы қаласындағы қайғылы оқиға нәтижесінде 5 азаматымыз оққа ұшты. Оның ішінде ішкі істер органдарының екі қызметкері бар. Полиция майоры Дархан Сүлеев пен полиция капитаны Нұрбол Байғазиев өз жұмыстарын адал атқарып жүрген қатардағы қызметкерлер еді.
Қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» деген қанатты сөзі бар.
Олар адамгершіліктерімен айналасына абыройлы болып, отансүйгіштіктерімен талайға үлгі бола білді. Адам ретінде қалыптасты, азамат болып атқа қонды, патриоттық болмысымен ел тыныштығын қорғады.
Дархан Сүлеев ішкі істер саласында 18 жыл қызмет атқарса, Нұрбол Байғазиев 7 жылдан бері сапта қызмет етіп келді. Оларды әріптестері қызметіне адал, достыққа берік, жүрегі үлкен азамат ретінде мәңгі есте сақтайды.
Марқұмдардың әке-шешесі, отбасы, туған-туыстарына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасқым келеді»,- деді Ерлан Тұрғымбаев.
Еске салайық, 20 қыркүйек күні Алматыда атыс болып, 5 адам қаза тапты.