Ерлерге қойылатын талапты біз де орындаймыз - полиция капитаны Айида Ақтанбай
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Нәзік жанды ару Айида Ақтанбайдың Ақмола облысы Полиция департаментінің арнайы жедел әрекет ету жасағында қызмет істеп жатқандығына биыл екінші жыл. Ол осы қысқа уақыттың ішінде еңбекке деген құлшынысы мен табандылығының арқасында биік белестерге қол жеткізіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Арнайы күштер туралы айтатын болсақ, біз бұл салада әрдайым батыл, физикалық тұрғыдан дайындалған ер адамдар қызмет етеді деп ойлаймыз. Алайда, расында олай емес, арнайы жедел әрекет ету жасағының құрамында нәзік жанды арулар да бар. Бұл қызмет қыз-келіншектер үшін өте қиын. Бірақ та, соған қарамастан аруларымыз ерлердің қолынан келетін істің ойдағыдай атқаруда. Оны полиция капитаны Айида Ақтанбай айқын дәлелдеп келеді», - деп бөлісті өңір полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсем Әбдірахманова.
Болашақ офицер 1995 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Әкесі теміржолшы, ал анасы жергілікті ауруханада жұмыс істейді. Қызының өмірін ішкі істер органдарындағы қызметпен байланыстыру туралы шешімін ата-анасы бірден қолдаған. Балалық арманы жетелеген Айида ҚР ІІМ бейіндік оқу орнына түсуге бел буады. Нәтижесінде 2012 жылы Айида Ақтөбе қаласындағы М.Бөкенбаев атындағы заң институтының курсанты атанады.
«Әрине, анам бастапқыда Отан қорғаушылар қатарына жібергісі келмеді. Өйткені, маған туған үйімнен алыс кетуге, бейтаныс қалада казармалық жағдайда тұруым керек болды. Бұл анамды алаңдатты. Дегенмен, мен алға қойған арман-мақсатымнан таймадым. Үстіме әскери киім киген сайын өзімді ересек сезініп, жауапкершілігім арта түсті», - дейді Айида.
Полиция капитаны институт қабырғасында оқып жүрген кездерін ерекше жылылықпен еске алады.
«Институт қабырғасында өмірімнің төрт жылы ұмытылмастай өтті деп нық сеніммен айта аламын. Біз тек білім алып қана қоймай, кезекшілікке түстік, тазалық жұмыстарын жүргіздік, асханаға көмектестік, саптық, атыс дайындығымен айналыстық, жаттығып, көңілді және белсенді уақыт өткіздік», - деп жалғастырды кейіпкеріміз.
2016 жылы полиция лейтенанты атағымен Айида Көкшетауға келді. Дәл осы жерде жас тергеуші қызметтік борышын өтеуге жіберілді.
«Айида еңбек жолын бастаған бөлім жұмысы қиын бөлімдердің бірі саналады. Мұнда мүліктік қылмыстарды тергеу керек. Осы ретте, белгіленген жұмыс кестесі, күнделікті кезекшілік, тергеушінің күнделікті жұмысы сияқты қиындықтардан Айида бас тартқан жоқ. Бәлкім, бойжеткеннің ержүрек жауынгер болуына табандылық, қайсарлық, тәртіптілік сияқты жеке қасиеттері ықпал еткен болар», - деп бөлісті Ә.Әбдірахманова.
2020 жылы Айида басқа 10 қыздан тұратын арнайы жедел әрекет ету жасағының құрамына шақырылды. Қыздарды бөлімше командирі полиция майоры Берік Нұрғалиев жаттықтырды.
«Ішкі істер министрлігінің делегациясы үшін біз қаруды қолдана отырып, өзін-өзі қорғаудың жауынгерлік тәсілдерін көрсеттік. Ол жоғары деңгейде болды. Осылайша мен арнайы жедел әрекет ету жасағында жұмыс істеуді шештім», - деп қосты Айида.
Полиция капитаны 2021 жылдың қаңтарында арнайы жедел әрекет ету жасағына алынды.
«Жаттығу кезінде жеңілдіктер бар ма?» деген сұраққа Айида бөлімшеде нұсқаушылар жасына, жынысына немесе физикалық жағдайына жеңілдіктер жасамайтын, әр қызметкер әр минут сайын жауынгерлік дайындықта болуы керек екенін айтады.
«Жұмыстан бос уақытымда кикбоксингпен айналысамын, жүгіргенді ұнатамын, заңнамадағы соңғы өзгерістер мен толықтыруларды қарап отырамын. Ең бастысы - мақсатыңызға жету, көп жұмыс істеу және одан ләззат алу», - деп түйіндеді Айида.