Ерлі-зайыпты Станислав пен Валентина Алифиренколар індетпен күресте алдыңғы шепте - Петропавл
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы ерлі-зайыпты Станислав пен Валентина Алифиренколар елде қауіпті індетпен күрес басталғалы алдыңғы шепте жүр. Отағасы – тәртіп сақшысы болса, оның жұбайы - медбибі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
6 жасар Валерия Алифиренконың анасын көрмегеніне бір айдан асты. Бүлдіршін шешесінің аялы алақанын сағынды. Оның анасы Валентина Викторовна Петропавлдағы бірінші қалалық ауруханада мейірбике болып жұмыс істейді, ал онда коронавируспен ауырған науқастар емделуде. Инфекцияны таратпау үшін ол да басқа медициналық қызметкерлер сияқты уақытша басқа баспанада тұрып жатыр.
Ал отағасы Станислав Евгеньевич учаскелік полиция инспекторы. Оның жұмыс күні таңғы сағат 8.00-ден түнгі 11.00-ге дейін созылады. Оған күніне түрлі мәселелерімен ондаған адам келеді. Бірінің заты ұрланса, енді бірінің көршілері - маскүнем. Бір шаңырақ астында тұратын адамдардан зардап шеккендерді де қорғайтын жағдайлар туындап жатады. Станиславтың бұзылғалы тұрған отбасын сақтап, шаңырақтың берекесін келтіруге септігін тигізген кездері аз емес.


СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Станислав пен Валентина Алифиренконың шаңырақ көтергендеріне 7 жылдан асты. Олардың екеуі де көпбалалы отбасында дүниеге келген. Станиславтың үш әпкесі бар, оның жұбайы Валентина егіз қыздың сыңары, одан бөлек екі ағасы бар. Қазір әркімнің өз отбасы бар, соған қарамастан олар әрқашан бір-біріне көмек қолын созуға дайын.
«Қазіргі жағдайға байланысты Валентина үй бетін көрмейді, ал мен негізінен тек түнеуге келемін. Осындайда Валерияның жанынан әжелері мен әпкелері табылады. Олар қызымызға сабағын оқуға көмектесіп, анасын сағынған ботақанның көңілін аулауға тырысады. Осындай қиын-қыстау шақта отбасының ауызбіршілігі, көмегі керек-ақ», - дейді Станислав Алифиренко.


Карантиннің салдарынан Алифренколар отбасына да өз жоспарларын өзгертуге тура келді.
«Бәрі уақытша. Бұл жағдай да өтіп, бәрі орнына келеді. Әрине, біз демалысымызда бір жаққа баруды жоспарлаған едік. Көбіне Бурабай мен Алматыны таңдап, Ресей қалаларын аралайтынбыз. Биыл алыс сапарға шығудан бас тартуға тура келеді. Қазір Валентинаның тезірек үйге оралғаны маңызды. Пандемия көптеген отбасын біріктірді. Ал, бізді екі жаққа бөліп тастады. Алайда қазіргі жағдайға түсіністікпен қараймыз», - дейді Станислав.
Ақерке Дәуренбекқызы

