Ерлігі елу жылдан кейін ғана танылған Бақтыораз Бейсекбаев - Халық Қаһарманы

Оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы атқарған істері мен көрсеткен ерліктері сөз жоқ кейінгі ұрпаққа отансүйгіштіктің, патриотизм мен өз еліне, халқына деген адал махаббатың үлгісі болып қала берері сөзсіз. Өйткені ол өскелең ұрпаққа шын мәніндегі батырлық пен ерліктің үлгісін көрсетіп кетті.
Ол көрсеткен ерлік әдетте ауыздан ауызға жететін, біреу білсе, біреу біле бермейтін аңыз, әфсана емес немесе халқының ризашылығына бөленген соң ерлікке баланып кеткен игі іс те емес. Ол көрсеткен ерлік нағыз жан алысып, жан беріскен ұрыс, айқаста болатын, тек жүрегінің түгі бар алып батырлар ғана көрсете алатын нағыз жанкешті ерліктің өзі. Өкінішке қарай, 70 жыл бойына өз ықпалындағы халықтарға тек өзім ғана бас болсам деген өктемдік пен шовинистік арам пиғылдағы небір сұмдық әрекеттерді жүзеге асырып келген кеңестік саясаттың кесірінен біз күні бүгінге дейін Бақтыораз сияқты есіл ерлердің игі істерін бүге-шігесіне дейін біле алмай келеміз. Олардың ерліктерін, кейінгі ұрпақ үшін атқарған істерін бағалай алмай жүргендейміз. Ал Бақтыораз Бейсекбаевтың есімі бізге неліктен осы уақытқа дейін беймәлім болып келді?
Бақтыораз Бейсекбаевтың өміріне қатысты кейінгі тарихи деректерге үңілсек, мәселенің мән-жайы барынша айқындала түседі. Оқиғаның мәні төмендегідей өрбіген. 1941 жылдың маусым айының 26-сында Смоленск қаласының маңындағы Боровское аэродромынан алыстан бомбалаушы 42-ші әуе дивизиясының 207-ші полкінің алғашқы күнгі айқастан кейін аман қалған ұшақтарының барлығы көкке көтеріледі. Оларға Минскі қаласынан батысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан Радошкович поселкесінің айналасындағы немістің танк колоннасын бомбалау жүктеледі. Ұрыс алаңында екі топқа бөлінген ұшақтарды капитан Александр Маслов пен Николай Гастелло командир ретінде басшылық еткен ұшақтар бастайды. Ә дегенде екі топтың алғашқысын Александр Масловтың ұшағы бастап шығады. Құмырсқадай қыбырлаған жаудың танкілеріне ойран салып қайта бергенде жау жақтан атылған оқтан алдыңғы жақта келе жатқан ұшақтың екеуі де отқа оранады. Сол уақытта Гастеллоның ұшағы жақын маңайдағы бір жерге құлайды да, ақыры өлетінін сезген Масловтың ұшағы жерде кетіп бара жатқан танкілерге қарай бет алады. Бұл оқиғаны көрген өзге ұшақтардағы экипаждар танктерге құлаған Гастеллоның ұшағы деп ұғады. Сөйтіп қан майданда ерліктің үлгісін көрсеткен азамат ретінде Гастеллоның атақ-даңқы әлемге тарайды. Арада біраз жылдар өткен соң, яғни 1951 жылдың мамыр айының 12-інде Белоруссияның әскери мұражайы Гастелло басқарған ұшақ экипажының мүрделерін орталық зиратқа әкеліп көму жөнінде облыстық атқару комитетіне ұсыныс жасайды. Ондағы мақсат мұражай басшылығы соғыста қаза болған азаматтарға ескерткіш орнатпақ болған. Сөйтіп, мектеп оқушылары мен әскерилердің және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен қазылған қабірдің ішінен Гастеллоның емес, Масловтың мәйіті шығады. Бұл жәйт әрине жиналғандардың барлығын да таң қалдырған. Қабірден сонымен бірге Маслов пен оның экипаждарына тиесілі көптеген заттар табылған.
Бұл оқиға жөнінде кейіннен ресми органдарға тиісті хат жазылады. Алайда ол уақыттың заңы бойынша Жоғарғы Кеңестің Жарлығын бұзуға болмайды. Сондықтан Орталық Комитет пен Қорғаныс министрлігіндегілер бұл шындықты біле тұрса да мәселені жабулы күйінде қалдырады. Дегенмен, қабірден табылған заттар экипаж құрамында Масловпен қатар, Мәскеу облысы Коломенск ауданының тұрғыны лейтенант Балашов пен Алматы облысы, Іле ауданының тұрғыны, кіші сержант Бахтурас Бейсекбаевтың да болғанын растаған. Алайда осы шындықты мойындату үшін ол уақытта көптеген адамдардың тер төгуіне тура келген. Осы ерлік жасалған күннен кейін, тура 55 жылдан соң Ресей Федерациясы Президентінің ықпалымен Маслов экипажының барлық мүшесіне Ресейдің Батыры атағы берілді.
Бақтыораз Бейсекбаевқа қатысты шындықтың ашылуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтар ретінде осы оқиғаны Елбасына жеткізіп, әйгілі батыр жөнінде мақала жазып, оны көпшілік назарына жеткізген Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі қаламгер Арғынбай Бекбосынов пен батырдың туған жері мен оның өміріне қатысты көптеген деректерді іздестіруге бастамашы болған сол кездегі Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Тайыр Мансұровтың еңбектері ерекше атауға тұрарлық. Олар атқарған істердің нәтижесінде кейінірек Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы мен Республикалық ардагерлер кеңесі жауынгерге «Халық қаһарманы» атағын беру жөнінде ұсыныс жасаған. Осыдан соң көп ұзамай аты Бахтурас Бейсекбаев болып бұрмаланып келген батырға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы беріледі.
Айта кететін мәселе, батырдың туған жерін анықтап, оның туыстарын табу жөнінде «Атамұра» корпорациясы арнаулы экспедиция ұйымдастырып, оған қомақты қаржы бөліп, үлкен адамгершілік іс істеген болатын. Аталмыш корпорацияның сол уақтағы президенті Мұхтар Құл-Мұхамед пен «Егемен Қазақстан» басылымының тілшісі Мейрамбек Төлепбергеннің талмай ізденуінің арқасында барлық шындықтың беті ашылған. Оның себебі - батырдың туған жерінің аты алғашында қате көрсетілген. Ал шындығында батыр Алматы облысы Балқаш ауданының «Жиделі» деп аталатын ауылында туып- өскен. Оның туастары да сол маңайда тұрады.
Жарты ғасыр өткеннен кейін ғана есімі мәлім болған, таңқаларлық ерлік иесі Бақтыораз Бейсекбаевтың әруағына бағыштап, «Атамұра» корпорациясы ас беріп, республикалық ақындар айтысын өткізеді. Батырдың атымен қазір Астана көшелерінің бірі аталады. Ал журналист Мейрамбек Төлепберген батырдың өмірін жан-жақты зерттеп, кітап жазған. Балқаш ауданының әкімі Әмір Құлмаханов бастаған бірқатар еңбеккерлер Бақтыоразға Бақанастан үлкен ескерткіш орнатып, орта мектепке оның атын берді.