ЕРЛІК ШЕЖІРЕСІ: Менің атымды Жәңгір деп атам қойған - Жәңгір Азатұлы

Ол Ұлы Жеңіс күні қарсаңында өзі білім алатын «Тамос эдьюкейшн» физика-математика мектебіндегі мерекелік шаралардың бел ортасында жүр. «Мен өз атамды әрдайым мақтан тұтам. Сұрапыл соғысты басынан өткеріп, елге аман оралған ол бейбітшілікті баянды етуде де өлшеусіз маңдай терін төгіп, адал еңбегімен елдің аяулы да ардақты ұлы бола алды», - деп сыныптастарына өз ой-пікірін айтып жүрген оны үзіліс кезінде сұхбатқа тартқан едік.
- Жәңгір, сенің атаңды не үшін мақтан тұтасың?
Менің атам - даңқты майдангер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев. Ол қазір 91-де. Әлі күнге дейін тың. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, түрлі кездесу жиындарға жиі барып тұрады. Бүгінгі таңда ұл-қыздарынан 6 немере, 12 шөбере сүйіп отыр. Мен ол кісінің алғашқы шөбересімін. Сұлтан атам халқымыздың ең соңғы хандарының бірі саналатын Жәңгір ханның есімімен байланыстырып менің атымды өзі қойған. Ес біліп, хат тани бастаған кезімнен-ақ түрлі кітаптар сыйлап, ұлы тұлғалар мен еліміздің тарихы туралы жан-жақты хабардар болып отыруыма себепкер болып келе жатыр. Сондай-ақ кез-келген уақытта өтінішімді қабыл алып, өзінің өмірі мен еңбек жолын ғана емес, Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан әйгілі азаматтар туралы да естелік айтудан еш жалыққан емес.
- Ұлы Отан соғысы туралы айтқан әңгімелерінен қазір нені еске түсіре аласың?
- Атам соғыс басталған кезде қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-математика факультетінде 2-курста оқиды екен. Ел басына ауыр күн туған кезде майданға аттанған екі бірдей туған ағасы ұрыстың бастапқы кезінде көз жұмады. Бейбіт өмірді бұзып, күн өткен сайын ілгерілеп келе жатқан жауға деген өшпенділік сезімі бойын кернеген ол өз еркімен майданға сұранып әскери комиссариатқа өтініш береді. Сол кезде Алматыда әйгілі 100-жеке қазақ атқыштар бригадасы құрылып жатыр екен. Оның 85-90 пайызын ауылдан келген қазақ жастары құрапты. Оларды «қызыл вагонмен» соғысқа шығарып саларда Жамбыл Жабаев атамыз өлеңмен ақ батасын береді.
Калинин майданындағы 39-армияда олар соғысқа Калинин облысының Молодотудский ауданында Ақтөбеде құрылған 101-қазақ бригадасымен бірге қатысады. Немістер сол кезде бастапқы жоспары іске аспаған соң Мәскеуге Ржев арқылы шабуылдамақ болып, барлық күшті сонда бағыттаған көрінеді. Атамның айтуынша, шартты түрде «Марс» операциясы аталған бұл шайқасты жазушы Константин Симонов кейін «Өлім алқабы» деп атаған. Әрқайсысы 6 мың адамнан тұратын 100-ші және 101-ші қазақ бригадалары Ржев плацдармында 1942 жылы қарашаның 25-і мен желтоқсанның 20-сы аралығында өз құрамының 80 пайызын жоғалтқан. Алайда Ржев шайқасы тарихтан өз бағасын өте кеш алды. Құжаттары 2005 жылға дейін құпия ұсталып келген ол әскери техника мен адам шығыны жағынан Сталинград шайқасынан асып түспесе кем болмаған. Онда танкіге қарсы рота командирі болған атам алғашқы ұрыста жалғыз өзі жаудың 2 танкісін жояды. Кейін бұл ерлігі үшін соғыс біткеннен кейін архив деректері жария болған кезде 1-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен екінші рет марапатталады.
- Сұлтан Сүлейменұлы соғыста қазақтың арасынан шыққан қандай қаһармандармен бірге шайқасқан?
Ржевтен кейін атам Великие Лукиді азат етуге қатысып жаудың тағы бір танкін өз қолымен қатардан шығарады. Алайда бұл ұрыста өзі де жарақат алып, далалық госпитальге түседі. Бұл кезде алғашқы ұрыста қатары селдіреп қалған 100-ші бригада қайта жасақталып, атамды Украин майданындағы 46-механикаландырылған бригадаға ауыстырады.
Шығыстың қос жұлдызының бірі саналатын Мәншүк Мәметова ол кезде медсестра боп жүр екен. Атамды жақсы танитын батыр апамыз - «Сұлтанчик тезірек жазыл. Бізге сенсіз қиын болады» деп жылы лебізін білдіріп, тезірек сауығып шығуына өз үлесін қосады. Алайда кейін қайта-қайта өтініп жүріп пулемет ротасына ауысқан М. Мәметова 1943 жылы 16-қазанда Псков облысындағы Изоча станциясы түбіндегі 173,7 метрлік биіктікте ерлікпен көз жұмған. Жауды бас көтертпей жусатып жатқан қаһарман қазақ қызын фашистер зеңбірекпен атып қана тоқтатады. Мәншүктің дәл жанына жарылған снаряд оғының жарықшағынан көз жұмғанын атам көзімен көріп, өз қолымен ақтық сапарға шығарып салуға қатысқан. Невель қаласы маңындағы бұл шайқаста сондай-ақ, бір өзі 280 фашисті жер жастандырған қазақтың әйгілі мергені Ибрайым Сүлейменов те ерлікпен көз жұмады. Ерен ерлігі үшін екеуі де Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Алайда И.Сүлейменовке тек Ленин ордені беріледі.
Жалпы Невельде өздеріне қарсы соғысқан 100-қазақтың атқыштар бригадасының ерлігін дұшпандары да мойындаған көрінеді. Қолға түскен тұтқындар тергеу кезінде өздеріне қарсы соғысқан қараторы сарбаздардың кім екенін сұрап, олардың жаужүректігіне қайран қалғаны кейін тергеушілер толтырған хаттамалар арқылы мәлім болады.
- Атаңның қанша орден-медалі бар және соғысты қашан, қай жерде аяқтағанын білесің бе?
- 3 жылғы қиян-кескі ұрыс кезінде 1-дәрежелі «Отан соғысы» орденін және ең жоғарғы «Жанқиярлық ерлігі үшін» медалі мен бірқатар өзге де медальдермен марапаталады. Қазір атамның жалпы саны 10 ордені мен 24 медалі бар. Медальдарын айтпағанның өзінде, тек орденнен - «Достық», «Парасат» , «Құрмет», «Октябрь революциясы» және «Отан соғысын» 2 рет, ал «Еңбек Қызыл ту» орденін 3 рет алған. Олардың әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Атам соғысқа 1942 жылы араласып, 1944 жылы екінші рет алған ауыр жарақатына байланысты майданға жарамсыз деп табылып, елге қайтарылады. Математик болғандықтан алғашқыда Жұмысшыларды қамтамасыз ету бөлімінде ревизор, ал кейін 24 жасында қармағында 10 мың адамы бар бұл бөлімнің бастығы болады.
- Сұлтан Сүлейменұлы, Дінмұхамед Қонаевпен де қызметтес болып, ұзақ жыл көрші болды ғой?
- Атам Дінмұхамед Ахметұлымен 25 жыл бірге қызмет істеп, адал еңбегімен көзге түсіп 35 жыл бір үйде көрші тұру бақытына ие болады. Сондай-ақ ҚазКСР Министрлер кеңесінің төрағасы болған кезінде қазіргі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен де көрші тұрған. Атам сондай-ақ, Сауда министрі боп жүргенде қазақтық ұлттық киімдері мен домбырасын қайта жаңғыртуға өз үлесін қосады. Мәселен, қазіргі Достық даңғылы бойында өз бастамасы бойынша «Ресей» және «Қазақстан» дүкендерін ашып, «Қазақстан» дүкенінде қазақтың ұлттық киім-кешегі мен музыкалық аспаптарын сатқызған. Бұл үшін Қарағандыда домбыра жасайтын фабрика аштырып, қармағындағы жеңіл өнеркәсіп орындарына ұлттық киімдерді тігуге тапсырма береді. Бұған сол кездегі Саттар Имашев деген партия хатшысы қарсы болып, бұл мәселеге Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д. Қонаевтың араласуына тұра келеді. Сонда Дінмұхамед Ахметұлы - «Сұлтандікі дұрыс, ел ұлттық киімдерін киіп, аспаптарын меңгергісі келсе көрсін» деп қолдау көрсетеді. Бұл мәселедегі батыл шешімі мен табандылығы үшін атама сол кезде Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сияқты халық жазушылары сан мәрте алғыс айтып, ризашылық сезімдерін білдіріп отырған.
- Жәңгір, уақытыңды бөліп сұрағымызға жауап бергеніңе рахмет. Атына сай сен де үлкен азамат болуыңа біз де тілектеспіз.