Ерлік жасаған полицей: Елордада газдан уланған тұрғынды құтқарудың мән-жайы белгілі болды

«Тұрғын үйдің кіреберісінде газдың иісі шығып жатқаны туралы мәлімет келіп түсті. Оқиға орнына жеткен бойда, шынымен де пәтердің бірінен газдың иісі таралып жатқанын байқадым. Осыдан кейін өзге тұрғындарды пәтерлерінен шығаруды бастап, газ жүйесін ажырату үшін газ қызметіне телефон шалдым. Сонымен қатар, дереу аталған пәтерге терезе арқылы кіру мүмкіндіндігін қарастыра бастадым», - деді А. Өтегенов.
Осыдан кейін оқиға орнына келген патрульдік көліктен қажетті құралдарды алып, полиция қызметкері терезе алдына орнатылған темір торды бұзып, пәтерге кірді
«Пәтердің ішінде тынысы тарылып, газдан тұншығып жатқан қызды көзім шалды. Оны аулаға алып шығып, алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Жалпы, алғашқы көмек көрсету әрекеттері қызметтік тәжірибемізде жиі кездеседі. Осыған дейін дәрігерлердің қалай көмек көрсететінін бірнеше мәрте көрген едім. Жедел жәрдем келгенге дейін аталған қыз есін жиып, тыныс алуы қалпына келді», - деді полицей.
Осы оқиғадан кейін полицей зардап шеккен қыздың туыстарымен байланысқа шығып, оның хал-жағдайын сұрап тұрған.
Қазіргі кезде Азамат Өтегенов қала көшелерін патрульдеумен айналысады.
«Өз қызметімде тұрғындардың өтінішін барынша қанағаттандыруға тырысамын. Әскерден келгеннен кейін, полицияға жұмысқа орналасуға талпындым. Менің жақын туыстарым полицияда қызмет етті, балалық шағымнан оларды үлгі тұттым. Біреудің көз жасына ерік беріп, қиналып тұрғанын көрсем, осы сәтте адамға көмек көрсету міндет деп білемін», - деді полицей.