Ермахан Ыбрайымов: 2016 жылғы Олимпиадада Қазақстан боксшыларының 4 медаль алуға мүмкіндігі бар
АСТАНА. ҚазАқпарат - Рио-де-Жанейрода Қазақстанның екі «алтын» алуға толық мүмкіндігі бар. Бүгін «Бокстан олимпиадалық даярлау орталығы» Республикалық мемлекеттік-қазыналық кәсіпорын директоры Ермахан Ыбырайымов осындай пікір білдірді.
«Олимпиада ойындарында команда капитаны Данияр Елеусінов «алтын» үміттіміз, Ал одан басқа Жәнібек Әлімханұлы, Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко бар, сондай-ақ 64 келі салмақта қазір жастар арасында шыққан Абылайхан Жүсіпов те өнер көрсетсе, еліміз еншісіне біраз медаль түседі деген ойдамын. Сондықтан алдымызда Риода өтетін Олимпиадада Қазақстан боксы өздерінің жанкүйерлерін «алтын» медальдармен қуантатын болады»,-деді ол ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алқа мәжілісінен кейін ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап беру кезінде.
Е. Ыбрайымовтың пайымынша, 2016 жылғы айтулы додада боксшыларымыздың кем дегенде 4 медаль алуға мүмкіндігі бар.
«Олимпиада оңайға түспейтінін білесіздер, бірақ 1-2 «алтын» алуға Қазақстанның толық мүмкіндігі бар»,-деді ол.