Ермек Әбдірасулов: Жаңа Конституция – елдің тұрақтылығы мен дамуының кепілі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда конституциялық реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Бұл өзгерістердің тарихи алғышарттары қандай? Жаңа Конституция қандай құндылықтарды қамтиды және адам құқықтарын қорғау тетіктері қалай күшейтілмек? Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдірасуловпен осы сауалдар төңірегінде сұхбаттасқан едік.
– Конституциялық реформалардың басталуына қандай тарихи және құқықтық факторлар әсер етті?
– 2022 жылдан бастап Қазақстанда конституциялық құрылысты кезең-кезеңімен жаңғырту үдерісі басталды. Бұл бастамалар елдің құқықтық жүйесін жаңартуға бағытталып, конституциялық реформалардың жаңа кезеңіне жол ашты. Қолданыстағы Конституция 1995 жылы саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақсыздық жағдайында қабылданған болатын.
Сол кезеңде Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық қауымдастыққа енді ғана қадам басып, негізінен халықаралық стандарттар мен еуропалық тәжірибеге сүйенді. Соның салдарынан ұлттық конституциялық дамудың кейбір өзіндік ерекшеліктері толық қамтылмай қалды.
Кейінгі жылдары Конституцияға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бастапқы мазмұны едәуір жаңартылды. Бұл жағдай конституциялық модельді жүйелі түрде жетілдіру қажеттігін көрсетті.
– Қазіргі геосаяси және технологиялық өзгерістер конституциялық реформалардың мазмұнына қалай әсер етті?
– Бүгінгі таңда сыртқы қауіп-қатерлердің күшеюі, технологиялық жаңашылдықтар, цифрландыру, энергия ресурстары үшін бәсеке, халықаралық қатынастардың жаңа форматы – бәрі де мемлекеттік басқару жүйесін жаңартуды қажет етеді. Сонымен қатар, ұлттық бірегейлікті сақтау, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету міндеттері алға шықты. Бұл факторлар реформалардың негізгі бағыттарын айқындады.
– Жаңа Конституция қандай құндылықтар мен қағидаттарды бекітуді көздейді?
Жобада мемлекеттік басқарудың тиімді моделі, билік институттарының өкілеттіктерін нақтылау, құқықтық жүйені жаңарту көзделген. Негізгі құндылықтар ретінде еркіндік, теңдік, әділдік, Заң мен Тәртіп қағидаттары белгіленген.
Сонымен қатар реформалар қоғам мен мемлекеттің сын-қатерлерге төтеп беру қабілетін арттыру, тарихи сабақтастықты сақтау және басқару тиімділігін күшейтуге бағытталған.
Мемлекеттік және қоғамдық институттарды дамыту, қоғамдық диалогты кеңейту және ұлттық бірлікті нығайту – осы өзгерістердің негізгі бағыттарының бірі.
– Конституциялық реформаларда адам құқықтарын қорғау мәселесіне қандай басымдық берілген?
– Жаһандық тұрақсыздық жағдайында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мемлекеттің тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздігі үшін маңызды. Конституцияда адам қоғам мен мемлекеттің басты құндылығы ретінде қарастырылады.
Әділеттілік, бірлік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім, білім мен ғылымды дамыту, инновациялар, табиғатты қорғау және бейбітшілік қағидаттары – негізгі басымдықтар. Сонымен бірге цифрлық құқықтар, дербес деректерді қорғау және жаңа технологиялар жағдайындағы қауіпсіздік мәселелері де қамтылған.
Мемлекеттік институттардың өкілеттіктерін нақтылау азаматтардың үні естілуіне мүмкіндік береді, инвестициялық тартымдылықты арттырады және еңбек нарығын дамытуға ықпал етеді.
– Құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыруда азаматтардың жауапкершілігі қалай ескеріледі?
– Билік тармақтарының теңгерімі мен өзара тежемелік жүйесі азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтеді және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Сонымен бірге әр азамат өз құқықтарын жүзеге асырғанда басқалардың заңды мүдделеріне зиян келтірмеуі тиіс. Бұл – құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаты.
Жаңа Конституция азаматқа бағдарланған, қоғам мен мемлекеттің барлық қатысушыларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Оның нормалары мен қағидаттары елдің тұрақтылығы мен дамуына кепіл болады.
Айта кетейік, Конституциялық комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынды.