Ермек Көшербаев пен Сергей Лавров келіссөз өткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев елімізге ресми сапармен келген РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесті. 

Ермек Көшербаев пен Сергей Лавров келіссөз өткізді
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Экономикалық тұрғыдан алғанда Ресей негізгі сауда серіктестеріміздің бірі әрі экономикамыздың ірі инвесторы. Өткен жылдың қорытындысында екі ел арасындағы тауар айналымы 28 миллиард доллардан асты және Мемлекет басшылары қойған 30 миллиард долларлық межеге сенімді түрде ілгерілеп келеміз. Инвестициялық ынтымақтастық та кезең-кезеңімен дамып келеді. Ресейдің Қазақстан экономикасына салған инвестиция көлемі 29 миллиард долларға жетті. Ал Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы 9 миллиард доллар, — деді кездесу барысында Ермек Көшербаев.

Оның айтуынша, екі елдің бірлескен жобаларының портфелі қалыптасты.

— Перспективалы бағыттар қатарында энергетика, көлік-логистикалық өзара байланыс, цифрлық шешімдер және жасанды интеллект бар, — деді министр.

Ермек Көшербаевтың атап өтуінше, Қазақстанда Ресейдің 9 жоғары оқу орнының филиалдары жұмыс істейді. Олардың қатарында халықаралық қатынастар саласы үшін ерекше маңызды Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы бар. Сондай-ақ өткен жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Омбы қаласында филиалының ашылуы да маңызды көрсеткіш саналады. Қазіргі таңда 60 мыңнан астам қазақстандық студент Ресей жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.

Қазақстанның 60 жоғары оқу орны Ресейдің 50 университетімен әріптестік байланыс орнатқан. 

Айта кетелік Орталық Азия елдері мен Ресей өнеркәсіптік кооперацияны бірлесе дамытуға уағдаласқан еді

Соңғы жаңалықтар