10:35, 25 Желтоқсан 2013 | GMT +5
Эрмитаж Александр Невский мазарының көшірмесін 330 миллионға бағалады
АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Мемлекеттік Эрмитажға Александр Невский мазарының көшірмесін жасау үшін 330 миллион рубль керек.

Бұл туралы кеше, 24 желтоқсан күні болған баспасөз конференциясында мұражай директоры Михаил Пиотровский мәлім етті, деп хабарлайды «Интерфакс» агенттігі. Ол меценаттардың қаржылай көмегіне иек артып отыр.
Қазіргі уақытта Александр Невский мазарының түп нұсқасы қайта жаңғыртылып жатыр. Жұмыстар 2014 жылға қарай аяқталуы тиіс, одан кейін Эрмитаж көшірмені дайындауға кірісуге әзір, алайда оған қаржы жоқ.
Еске сала кетсек, Александр Невский мазарының кешені 18-ғасырдағы Ресейдің декоративті-қолданбалы өнерінің ескерткіштеріне жатады. 1753 жылы салынғаннан кейін мазар Александр-Невский лаврында болған, ал 1922 жылы оны Эрмитажға тапсырған.