Ермұрат Бапи: Партиялық сайлау жүйесіне түбі бір келуіміз керек еді
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламентті партиялық тізім бойынша сайлау арқылы жасақтау туралы бастамасын қолдайтынын айтып, депутаттық сауалын қоғамға жолдады.
— Президенттің парламенттік реформа жасау жолындағы бастамасын ерекше атап өту керек. 30 жылға жуық саясат аренасының бір пұшпағында жүрген мен өзім бұл реформа Қазақстан Парламентін нақты саяси күшке айналдыруға, ықпалды Парламент формуласын шынайы жүзеге асыруға бағыттайды деп санаймын.
Біз осындай реформалар арқылы қоғамның саяси белсенділігін арттыруға және өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға бағытталған бастама деп қабылдаймыз.
Қалай болғанда да, күндердің күнінде біз партиялық сайлау жүйесіне келуіміз керек еді. Біз халықаралық қоғамның бір бөлшегі ретінде әлемде қалыптасқан, әзірге басқа формасы табылмаған жалпыға ортақ партиялық сайлау жүйесіне біртіндеп көшуіміз керек болған, — деді депутат.
Ермұрат Бапи Еуроодақ мемлекеттері партиялық сайлау арқылы Парламентінен бөлек Үкіметін де сайлайтынын еске салды.
— Билікті оңды-солды сынау дағдысы сүйегіне әбден сіңіп қалған, тырнақ астынан кір іздеу «кәсіби» дәстүріне айналған жекелеген сауатсыз белсенділер мен саясаткер-сымақ азаматтар осы бастаманың өзінен кінәрат іздеп, кешелі-бері әлден кесек атып әлек болуда.
Менің қазақ қоғамына арнап, депутаттық сауал формасын пайдалануыма біздің дәл осы керітартпалығымыз себеп болып тұр, — деді Мәжіліс депутаты.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтеріп, партиялық тізім бойынша сайлау жүйесін қайтаруды ұсынған болатын.