Ермұрат Бапи Ұлттық қордан банктерге берілген қарыз мәселесін көтерді
Ұлттық қордан сауықтыру үшін банктерге берілген қарызды қайтаруды талап ету керек. Бұл туралы Мәжілісте «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру» тақырыбындағы Парламент тыңдауында Ермұрат Бапи айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Халықтың қарызы бойынша екі мәселені көтермекпін. Біріншіден, «ескі Қазақстанның» халық алдындағы қарызын неге іздемейсіздер? Сауықтырамыз деп Ұлттық қордан банктерге берілген триллиондаған теңге қарызды қайтаруды неге талап етпейсіздер? Сауықтырамыз деп кезінде оларға ақша аударылды ғой», - деді Е. Бапи Бас прокуратура өкілдеріне қарата айтқан сөзінде.
Оның пайымынша, бірнеше банкті біріктіріп, қыруар сауықтыру қаржысын бір банкке жинастырып, оның барлығын алып кеткен олигархтарға тиесілі банктердің қарызын іздеу керек.
«Егер сол триллиондар қайтарылатын болса, халықтың қазіргі кредит қарызын он немесе жиырма есе жауып тастауға болар еді. Біріншіден, активтерді елге қайтарамыз деп заң қабылдадық қой. Сол заңның орындалып жатқаны қайда? Уәкілетті орган құру жөнінде өткенде хабар болды. Бірақ ол хабар мардымсыз. Сол активтерді қайтару комитетіне 130 адамнан құралған штат болады деп еді. Қазір 30-40 адам деп қана тұр. Нақты комитетте қанша адам бар екенін айтсаңыздар? Үкіметке сұрақ: комиссияның құрамында азаматтық қоғам өкілдерінен кімдер бар?» - деп сұрады депутат.
Өз кезегінде Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев 5 қазанда Мемлекет басшысының жарлығымен комитет құрылғанын еске салды.
«Оның штаты да құрылды. Барлық нормативті акт бар. 900 млрд теңгеден астам қаражатты мемлекеттің пайдасына қайтардық. 600 млн доллар мемлекеттен сырттан аударылды. Ауқымды жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Оның ішінде көптеген жер телімі қайтарылды. Әрине, комиссияның нақты реестрі және оның құрамы бар. Оған Парламент депутаттары және қоғамдағы белсенді азаматтар кірді. Олардың аты-жөнін сізге жеке беремін. Комитеттің реестріне бірлесе отырып шешім қабылданды. Оның ішінде біздің құқықтық, инвесторлық және тағы басқа әлеуметтік мәселелерді ескеріп, нақты реестрге қай адамдардың кіргеніне қатысты мәселе әлі жабық. Бірақ бұл жұмыс жалғасып жатыр. Егер заңсыздық анықталса, осы реестрге нақты кірген тұлғаларға қатысты шешім жария етіледі. Мәселен, инвестор бірінші кезекте өзінің құқығын қорғау керек қой. Біз де оның құқығын қорғауымыз керек. Сондықтан кемшіліктер мен заңсыздықтар анықталған жағдайда ғана ол ресми түрде жарияланады», - деді Ж. Өмірәлиев.
Бұған дейін хабарланғандай, активтерді қайтару тәртібі жайында Әділет вице-министрі Алма Мұқанова түсіндірген еді.
Қазақстанда заңсыз алынған активтерді қайтару жөніндегі комиссия құрылды. Жақында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен аталған комиссияның бірінші отырысы да өтті.