Бапи журналист Айдос Садықовқа жасалған қастандық жайлы: Мұның артында ескі Қазақстан тұруы мүмкін

бапи
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Киевте қазақстандық журналист Айдос Садықовқа қастандық жасалуына орай пікір білдірді.

«Айдос пен Наталья Садықовтармен таныспын, тығыз байланыста болдық. Олар — кәсіби журналистер. Қастандыққа қатысты нұсқаға орай айтар болсам, бұл — барып тұрған арандатушылық. Біздің кейбір интернет ресурстар бұл оқиғаның тасасында Қазақстан билігі тұр деген долбар жасайды. Қазақстан билігіне мұндай топастықты ұйымдастырудың қажеті қанша? Бұл қай жағынан алып қарасақ та тиімсіз, логикаға сыймайды. Мұның тасасында ескі Қазақстанның өкілдері немесе Қазақстанды мәселен Ресеймен, өзге мемлекетпен, мүмкін Украинамен қақтығыстырғысы келетін үшінші күштер тұруы мүмкін. Яғни, түрлі нұсқа бар», — деді ол Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін.

Сонымен қатар депутат бұл істі Мемлекет басшысы бақылауына алғанын атап өтті.

«Тергеу жүріп жатыр. Қазір қандай да бір жорамал жасамай тұра тұрайық. Меніңше, бір-екі күннің ішінде Бас прокуратура нақты мән-жайды анықтап, жария етер», — деді Ермұрат Бапи. 

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Киевте жасалған қастандық жайында пікір білдірген еді.

Президент кеңесшісі Берік Уәлидің айтуынша, Қазақстанды айыптау кейбір күштерге тиімді.

Бүгін Ішкі істер министрлігі Айдос Садықовты атты деген күдіктінің Қазақстан полициясында жұмыс істемейтінін хабарлады.

Мемлекет басшысы қастандықты тергеу амалдарын жіті бақылап отыр.  

Соңғы жаңалықтар