Ернар Жаркешов Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

Ернар Жаркешов
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Ақмола облысы әкімінің өкімімен Ернар Жаркешов Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Ернар Серікбайұлы АҚШ-тағы Гарвард университетін, Дж. Кеннеди атындағы Жоғары мемлекеттік басқару мектебін, Сингапур Ұлттық Университеті Ли Куан Ю атындағы Жоғары мемлекеттік саясат мектебін, Ұлыбританиядағы Бирмингем Университетін және Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін тәмәмдаған.

Еңбек жолын ҚР Президент Әкімшілігі мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-кадр жұмысы бөлімінде тағылымгер ретінде бастаған.

Сингапур Ұлттық Университеті Ли Куан Ю атындағы Жоғары мемлекеттік саясат мектебінде ассистент-зерттеуші болып жұмысын жалғастырған.

2011-2017 жылдар аралығында ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі құрылымдарында бас маман, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, директоры, Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының Қазақстандағы кеңсесінде жобалар портфелінің жетекшісі болып жұмыс істеген.

2017-2023 жылдар аралығында Қазақстандық ірі жекеменшік консалтинг компаниясының бас директоры, Біріккен Араб Әмірліктерінде Whiteshield Partners халықаралық консалтинг компаниясының Еуразия елдері бойынша директоры және бизнесте басшы қызметтерін атқарған.

ҚР, БАӘ және ТМД елдерінде экономикалық және инвестициялық саясат, мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласындағы реформаларды іске асыруға қатысты.

2024 жылдың ақпан айынан бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Сенат төрағасының кеңесшісі (штаттан тыс) болды. 

Еске салайық, Ақмола облысы табиғи ресурстар және табиғаты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы тағайындалған еді.  

Соңғы жаңалықтар
telegram