Ертең Алматыда қалың қар жауады: тұрғындарға ескерту жасалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM  – Алматыда сәрсенбі күні, яғни 8 қаңтар күні қар жауып, тұман және көктайғақ болады.

Ертең Алматыда қалың қар жауады: тұрғындарға ескерту жасалды
Фото: Александр Павский/Kazinform

Осыған байланысты Алматының коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшті.

«Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше, 8 қаңтар күні түнде және таңертең қалада қардың қалыңдығы 9 мм-ге дейін жетіп, көктайғақ болуы мүмкін. Ауа температурасы түнде -5…-7 °С-қа дейін төмендеп, күндіз -2…0 °С шамасында болады.

7 қаңтар күні 438 арнайы техника мен 968 жұмысшы дайындалды. 2024-2025 жылдары қысқы маусым басталғалы бері 220 мың текше метр қар шығарылды.

Жолды уақытылы әрі тиімді тазарту үшін коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы қала тұрғындарына мынадай ескерту жасайды:

– Автокөліктерді, әсіресе түнгі уақытта, жол жиегінде қоймауға.

– Жолдар мен автотұрақтар бойына орнатылған ескерту конустарына назар аударуға.

– Қар шығару жұмыстары таулы және тау бөктеріндегі аудандарда ерекше назарға алынып, қар күреу жұмыстары белсенді жүргізіледі.

Мамандар, көктайғаққа байланысты көлік жүргізушілерінен жылдамдық режимі мен көліктер арасындағы қашықтықты сақтау және қар шығару техникасы жұмыс істеп жатқан аумақтарда көлік қоймауға шақырады.

– Жаяу жүргіншілер жолдан өткенде, әсіресе көше дұрыс көрінбей қалған кезде және жол тайғақ болған жағдайда, аса сақ болғаны жөн, – деп атап өтті Алматының Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасынан.

Осыған дейін ауа райының қолайсыздығына байланысты екі облыста жол жабылғаны туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар