13:07, 27 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ертең Астана қаласында Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша азаматтардан құжаттарды қабылдау басталады
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ертең, қаңтардың 28-і күні Астана қаласында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша азаматтардан құжаттарды қабылдау басталады.

Қабылдау 2009 жылғы наурыздың 28-іне дейін жүргізіледі. Бұл туралы бүгін қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында Тұрғын үй басқармасының бастығы Ерікболат Қабылдин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Е.Қабылдиннің атап көрсеткеніндей, 2008-2010 жылдарға арналған бағдарлама аясында Тілендиев даңғылының сол жағалауында 5612 пәтерлік 20 көпқабатты үй салынуда және олар 2009 жылдың 4-інші тоқсанында пайдалануға берілетін болады. 1 бөлмелі пәтерлердің саны ? 3174 (31,3 шаршы метрден ? 38,2-ге дейін), 2 бөлмелі ? 1814 (48,3 - 53,7 ш.м.), 3 бөлмелі пәтер саны ? 624 (65,3 ? 68,8 ш.м). Үйлі болу басымдықтарына ? балалы жас отбасылар (ерлі-зайыптылардың жастары 29 жасқа толмаған), мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік қызметкерлер болып саналмайтын мемлекеттік мекеме жұмысшылары және мемлекеттік кәсіпорындардың (әлеуметтік сала) қызметкерлері ие. «Жемқорлыққа жол бермеу үшін биыл баспаналарды үйлестіруде бірінші рет балдық жүйе қолданылатын болады. Мәселен, жас отбасылар үшін олардың балаларының саны шешуші болып табылады (әр балаға 20 ұпай). Сәйкесінше, екі немесе одан да көп балалы отбасылар комиссия іріктеуінен бірден өтеді. Ал, бір балалы отбасылар өз араларында мемлекеттік қызметтегі, бюджеттік мекемедегі, не болмаса мемлекеттік кәсіпорындағы көп жылдық еңбек өтілі бойынша іріктеуге қатысады (толық бір жыл үшін ? 5, толық емес жыл үшін ? 3 балл). Ал басымдыққа ие қалған үш санат бойынша өтініш берушілердің жоғары еңбек өтілдері ескерілетін болады», - дейді ол. Сондай-ақ, өтініш беруші 2005-2007 жылдарғы Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысып, комиссияның оң шешімін алмаған болса, оған қосымша 10 балл, жүктілік мерзімі 20 аптадан асқан әйелдерге 3 балл («жас отбасы» санатына 10 балл), отбасында 1 немесе 2 топ мүгедектері болса 3 балл қосылады. 2005-2007 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламаға қатысып, комиссияның оң шешімін алған, бірақ пәтер кілттерін алмаған азаматтар жаңа бағдарламаға қатыстырылмайды. Сонымен қатар, Тұрғын үй басқармасы бастығының айтуынша, жеке меншік құрылымдарда, атап айтар болсақ, жауапкершіліктері шектеулі серіктестіктерде, жабық акционерлік қоғамдар мен жүз пайыз акциясы мемлекеттің иелігіндегі акционерлік қоғамдарда жұмыс істейтін азаматтар Тұрғын үй мемлекеттік бағдарламасына тек «жас отбасы» санаты бойынша ғана қатыса алады.Тұрғын үй басқармасы құжаттарды қабылдауды 2 ай бойы жүргізеді. Одан кейінгі екі ай ішінде үміткерлердің алдын-ала тізімін газет беттерінде жариялап, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға төлем қабілеттілігін растау үшін жолдама береді. Банк екі ай бойына үміткерлердің төлем қабілеттіліктерін тексереді, одан кейінгі екі айда Тұрғын үй басқармасы соңғы қорытындыны шығаратын болады. «ТҚЖБ» АҚ Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысушыларды алғашқы жарнасыз және 4 пайыз жылдық үстемемен несиелендіретін болады. 2008-2010 жылдарғы бағдарламаға енгізілген тағы бір жаңашылдық - азаматтар құжаттарды жұмыс істейтін мекеменің кадр бөліміне тапсыратын болады. Өз кезегінде кадр маманы құжаттарды белгіленген кестеге сәйкес «Жастар» сарайына апарып тапсырады. Қабылдау күндері ? дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін (үзіліс 13.00-14.00). Сондай-ақ, ғимараттың бірінші қабатында келесі күнге арналған кезек реті белгіленген талондарды алуға болады. Тапсырылуы тиіс құжаттар: нотариалды түрде куәләндырылған - өтініш берушінің және оның отбасының жеке куәліктерінің, неке қию туралы куәліктің, азаматтарды тіркеу туралы кітапшаның көшірмелері, кадр бөлімінен - жұмыс орнынан толық еңбек өтілі көрсетілген анықтама, еңбек кітапшасының көшірмесі, отбасының мүшелері, сондай-ақ соңғы 12 айдағы табыс көлемі туралы анықтамалар.