Ертең Атыраудың 25 көшесінде күні бойы электр қуаты болмайды

Атырау облысының энергетикалық кешені баспасөз қызметінің мәліметінше, ертең Атырау қаласындағы үш шағын аудан мен екі елді мекенде уақытша жарық болмайды.
«Бұл «Атырау Жарық» АҚ-ның қалалық электр жүйелері желісіндегі күрделі жөндеу жұмысын жүргізуіне байланысты болып отыр. Сол себептен, ертең, 4 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 10:00-17:00 аралығында жекелеген мекенжайларда электр энергиясын уақытша өшіру жоспарланып отыр», - деп хабарлады энергетикалық кешеннің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, бұл күні Атырау қаласындағы «Балауса» шағын ауданындағы №3 көшеде, «Өркен» шағын ауданының Шөреев, №15 және 43-көшесінде, «Сарқамыс» шағын ауданында орналасқан Жиембет көшесіндегі тұрғын үйлер мен нысандарға жарық берілмейді.
Сондай-ақ, Атырау қаласына таяу орналасқан Еркінқала елді мекенінің Есқалиев, Баймұханов, Оразалин, Түсіпқалиев, Көшербаев, Ақжелкен, Бөлекқайыр, Асанов, Әленов, Есқалиев, Айтмағамбетов, Қызыл теңізші, Атамұра, Желтоқсан көшелерінде де жарық болмайды. Ал, Ракуш ауылындағы Қазақстан, Хасанов, Ынтымақ, Сақпаров, Боқашев және Нұғманов көшелеріндегі тұрғындар жарықсыз отырады.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудың бір бөлігінде тұрғындар 3 күн ыстық сусыз отыратынын жазған болатынбыз. Ыстық су беру жылу пунктілерінің жабдықтарын тексеруге байланысты тоқтатылған. «Атырау жылу жүйелері» АҚ 2023 жылғы 3-5 шілде аралығында үш жылу беру пунктінде жөндеу және тексеру жүргізеді.