Ертең ЕАЭО мен Вьетнам еркiн сауда-экономикалық аумағын құру туралы келiсiмге қол қояды

"Өздерiңiз бiлесiздер, ертең Бурабайда Премьер-Министрлердiң қатысуымен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерiнiң үкiметаралық кеңесi өтедi. Бүгiнгi кеңесте сонда қаралатын мәселелердi алдын ала қарап өттiк. Негiзгi мәселелер халықаралық жағдайлардағы ЕАЭО жұмысы, сауда-экономикалық байланыстарға қатысты болды. Экономикалық дамуымыздың негiзгi бағыттары да талқыланды. Ертеңгi өтетiн кеңесте осының барлығы анықталып, нақты бекiтiлетiн болады. Халықаралық қатынас жағдайларына келетiн болсақ, ертең бiз бiрiншi рет ЕАЭО тарихында алғашқы халықаралық құжатқа қол қоямыз, ол Вьетнам елiмен еркiн сауда аймағын құру бойынша. Соған орай, Вьетнам премьер-министрi де келетiн болады", - дедi ол тiлшiлерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, бұл қадам одақ елдерi үшiн үлкен экономикалық маңызға ие.
"Бұл - үлкен құжат. Өйткенi Вьетнам бiз үшiн Оңтүстiк-шығыс Азия мемлекетiне шығатын жалғыз үлкен тереземiз болады", - деп атап өттi вице-премьер.
Еске сала кетейiк, қазiргi уақытта ЕАЭО-мен еркiн сауда экономикалық аумағын құруға әлемнiң 40-қа тарта елi қызығушылық танытуда.