Ғалымдар балалар арасында кең тараған гипертония дертіне алаңдаулы
АСТАНА. KAZINFORM — Әлемде балалар арасындағы жоғары қан қысымы (гипертония) жағдайларының саны артып келеді, деп жазды Кабар агенттігі Lancet порталына сілтеме жасап.
«Балалар гипертониясы көптеген балалардың ағзасын зақымдап отыр және бұл көрсеткіш өсіп бара жатыр», — деп хабарлайды басылым.
Ғалымдар бұл үрдісті өмір салтының нашарлауымен және семіздік жағдайларының өсуімен байланыстырады. Зерттеу авторлары 443 914 баланы қамтыған мақалаларды талдаған кезде 2000 жылдан 2020 жылға дейін балалар гипертониясының таралуы екі есеге жуық өскенін анықтаған: ұлдарда 3,4%-дан 6,53%-ға дейін, қыздарда 3,02%-дан 5,82%-ға дейін.
Испания кардиологтар қоғамының президенті Игнасио Фернандес Лосано зерттеу нәтижелеріне пікір білдіріп, бұл көрсеткіштердің мамандардың тәжірибесінде бұрыннан байқаған нәрселерін растайтынын айтты.
— Бұл алаңдаушылық туғызады, себебі балалар мен жасөспірімдердің жүрек-қан тамырларының жағдайы тұрақты түрде нашарлап бара жатыр. Гипертония — ересектер ауруы, ал оны осындай жас кезінде шалдығу алаңдаушылық тудырады, — деді ол.
Артериалды гипертензия — систолалық қан қысымы (СҚҚ) 140 мм с.б.б. және одан жоғары, және бір уақытта немесе жеке түрде диастолалық қан қысымы (ДҚҚ) ≥ 90 мм с.б.б. болатын синдром. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметіне сәйкес, 2020 жылдың соңында әлемде 1,13 миллиард адамда гипертония бар, олардың шамамен 40%-ы аурулары туралы білмейді, тек 10%-ы ғана ем алып жатыр.
Ал Батыс Қазақстанда көкжөтелмен ауырған 18 баланың дені екпе алмағаны белігілі болды.