Ертең Қайрат Нұртастың «Өкініш» фильмі көрермендерге жол тартады

Жаңа туынды Қазақстан кинотеатрларына 11 сәуірден бастап жол тартпақ. Мақсат Оспановтың режиссерлігімен «Қайрат Нұртас Production» компаниясы түсірген фильм әнші Қайрат Нұртастың өмірінен сыр шертеді.
«Туындының сценарийі түсіру жұмыстарына 3 күн қалғанда өзгертілді. Ондағы оқиғалардың 70 пайызы шындыққа құрылған. Бұл «Қайрат Нұртас» брендін қалыптастыруға бағытталған басқы шаралардың бірі. Бұған дейін 9 ән жинағын жарыққа шығарған Қайраттың репертуарында 160-қа жуық ән бар», - дейді әншінің анасы және продюсері Гүлзира Айдарбекова.
Бұған дейін өз есімімен аталатын журнал мен продюсерлік компания ашқан Қайрат Нұртастың айтуынша, бұл әрекеттің бәрі - «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақылдың аясында жүзеге асып жатыр. «Темірді қызған кезде соқ дегендей, атымды халық танығаннан кейін осылай жұмыс істеуге мәжбүр болдым. Менің бұдан да биік белестерді бағындыруым анам екеуміздің арманымыз. Құдай бұйырып, жұмыс жасасақ ол армандарға да жетеміз. Ол ертегі емес», - дейді өнер жұлдызы.
Бюджеті 500 мың АҚШ долларын құрайтын фильмге Қайраттан басқа басты кейіпкерлерден Сиви Махмуди, Жәния Журинская, Ренат Баситов, Гүлзира Айдарбекова, Тұңғышбай Жаманқұлов пен Асанәлі Әшімов түсті. Махаббат, достық, сатқындық сезімдеріне толы туындының атын «Өкініш» деп қойған әншінің өзі. Қ.Нұртас алдағы уақытта фильмнің жалғасын түсіруді ойластыруда.