Ертең мерзімді әскери қызмет сарбаздарының Ант қабылдау рәсімі болады
Ертең, 25 қарашада Қазақстан Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің әскери бөлімдері 2023 жылғы күзгі шақырылым бойынша мерзімді әскери қызмет сарбаздарының Әскери ант қабылдау рәсімі болады, деп хабарлайды Kazinform.

«Айбын» президенттік полкі (Астана қ.) әскери қызметшілерінің Әскери ант қабылдау рәсімі Астана қаласындағы «Отан қорғаушылар» монументі жанындағы алаңда өтеді. Ал «Батыр» президенттік полкі (Алматы қ.) сарбаздарының осындай салтанаты Алматы қаласындағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында болады. Әскери ант қабылдау салтанатына жас сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысады.
ҚР МКҚ қатарындағы 2023 жылғы күзгі шақырылым бойынша мерзімді әскери қызмет сарбаздары еліміздің барлық аймақтары мен республикалық маңызы бар қалаларынан іріктеліп алынған. Әскери ант қабылдау қарсаңында олар әскери бөлімдердің далалық оқу орталықтарында жаңа шақырылым сарбаздарын дайындау курсынан өтті.
Әскери ант қабылдау салтанаты – ерекше жауынгерлік рәсімдердің бірі. Ант қабылдау арқылы сарбаздар өздеріне Отанды қорғауға, әскери қызмет міндеттерін адал атқаруға, әскери істі ынтамен меңгеруге, сеніп тапсырылған қару мен техниканы дұрыс қолдану мен сақтауға жауапкершілік алады.
Әскери ант қабылдаған соң мерзімді қызмет сарбаздары ҚР МКҚ Айрықша мақсаттағы күштері атқаратын: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасы эталондарын күзету, Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін протоколдық іс-шараларға қатысу, күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді міндеттерді атқаруға кіріседі.
ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің мерзімді әскери қызмет сарбаздары қатарына еліміздің 18 бен 27 жас аралығындағы, бойы 180 см-ден жоғары және 195 см-ден аспайтын, білімі орта білімнен төмен емес, денсаулығы жақсы кез келген азаматы қосыла алады. Жоғары білімді, спорттық жетістіктері мен разрядтары бар үміткерлерге басымдық беріледі.
Мерзімді әскери қызметті ҚР Мемлекеттік күзет қызметі қатарында атқару жас азаматтар үшін мықты ерлік мектебі болады. Олар мұнда өзінің өмірлік жолына қажетті маңызды дағдыларға үйренеді. Жастар үшін бұл кезең ары қарайғы мансап жолын жалғастыруға негіз, әлеуметтік лифт болуы мүмкін. Мерзімді әскери қызметті аяқтағандар қалауы бойынша қызметті келісімшарт негізінде жалғастыра алады. Ары қарай олардың арнаулы мемлекеттік органның қызметкері және офицері болып, күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді атқару мүмкіндігі бар.