Ертең Моңғолия президенті Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух 23-26 маусымда Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен мәлімдегендей, сапар бағдарламасына сай, екі ел президенттері Ташкент қаласында келіссөз жүргізеді. Оның барысында өзбек-моңғол достығы мен көпжоспарлы ынтымақтастық қатынастарын одан әрі кеңейту және нығайту мәселелері қаралады.
Атап айтқанда, Шавкат Мирзиёев пен Ухнаагийн Хурэлсух сындарлы саяси диалог пен парламентаралық байланыстарды дамыту, өзара тауар айналымын ұлғайту, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, денсаулық сақтау, және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықтың жай-күйін талқыламақ. Бұған қоса, екі ел басшылары халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасады.
Мемлекеттік сапар аясында Шавкат Мирзиёев пен Ухнаагийн Хурэлсух жетекші компаниялар мен іскер топтардың өкілдерімен кездесу өткізеді. Келіссөз қорытындысы бойынша үкіметаралық және ведомствоаралық бірнеше маңызды құжатқа қол қою жоспарланған.
Сондай-ақ, Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух Хиуа қаласына барып, өзбек халқының бай мәдени-тарихи мұрасымен танысады.
Еске салсақ, Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух кейінгі рет Өзбекстанға 2022 жылы қыркүйекте ШЫҰ мемлекет басщыларының кеңесіне қатысу үшін келген болатын.