14:21, 17 Ақпан 2009 | GMT +5
Ертең «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары азаматтарды қабылдайды
АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Ертең, ақпанның 18-інде «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды.
Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында өткен брифингте партияның ресми өкілі Оксана Петерс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Шара «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Орталық аппаратының Қоғамдық қабылдау бөлімінде таңғы сағат 10:00-де басталады», - деді О.Петерс. Сонымен қатар, ресми өкіл әлеуметтік және ішкі саяси тұрақтылықты сақтау мақсатында қазір «Нұр Отан» ХДП аймақтық филиалдары мен Азаматтық қоғам институттары арасында арнайы меморандумға қол қою шаралары жүзеге асырылып жатқандығын айтты. «Саяси партиялармен меморандумға қол қою таяуда партияның облыстық филиалының бастамасымен Оңтүстік Қазақстанда қолға алынды. Бұл меморандумдардың қоғамдық келісімді сақтайтын күштердің басын біріктіруде, әлемдік қаржы дағдарысына қарсы тұру жағдайында ішкі саяси тұрақтылықты сақтауда маңызы зор», - деп атап өтті О.Петерс.