Ертең Павлодар өңірінің 1-9 сыныптары қашықтан оқиды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — 10 желтоқсанда ауа райының қолайсыздығына байланысты Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларындағы мектептердің 1-9 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылады.
Бұл туралы өңірлік білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
— 2025 жылғы 10 желтоқсанда Павлодар қаласының барлық мектебінде қолайсыз ауа райына байланысты мектепалды даярлық топтары мен 1–9 сыныптардың бірінші ауысым оқушылары қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылады, — деп мәлімдеді басқармадан.
Сондай-ақ Екібастұз және Ақсу қалаларының білім беру бөлімдері де осындай шешім қабылдаған. Аталған өңірлердегі барлық мектепте оқушыларды тасымалдау тоқтатылады.
Ауа райын болжаушылар Кереку өңіріне суық ауа ағындарын әкелген антициклон әлі де жалғасатынын мәлімдеді.
«Қазгидромет» РМК облыстық филиалының хабарлауынша, Ертіс-Баян өңірінде 10 желтоқсанда ауа температурасы түнде минус 25-28, күндіз минус 20-25 градус болады. Желдің екпіні секундына 9-14 метр, кей жерлерде 20 метрге дейін жетуі мүмкін. Аймақтың оңтүстігі мен шығысында қар жауып, бұрқасын тұрады. Солтүстік-шығыс өңірлерде тұман түседі.
Айта кетелік, 9 желтоқсан күні Павлодар және Ақсуда түстен кейін оқитын 1-4 сынып оқушылары қашықтан оқуға ауыстырылғаны туралы хабарлағанбыз.