Ертең «Тәуелсіздік толғауы» және «Елім менің» байқауларының лауреаттары марапатталады

АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ертең, 5 желтоқсан күні сағат 19.00-де Астана қаласындағы К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының концерт залында ІІІ Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» конкурсы және IX Республикалық «Елім менің» патриоттық әндер конкурсы лауреаттарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтеді.
None
None

 Бұл жайында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
«Тәуелсіздік толғауы» республикалық конкурсын жыл сайын Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізу дәстүрге айналған үрдіс. Конкурстың басты мақсаттары - заман талабына сай жаңа қоғамдық-маңызды драмалық және музыкалық шығармалардың жазылуына жол ашу; отандық авторларды қолдау; республика театрлары мен концерттік ұйымдары репертуарларын бүгінгі күннің талабына сай көркемдік деңгейі жоғары жаңа туындылармен толықтыру; өнер туындылары арқылы қазақстандық отансүйгіштік пен ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру; мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.
Конкурс лауреаттары «Жастар аудиториясына арналған ең үздік музыкалық-драмалық көлемді шығарма (мюзикл, рок-опера, опера, балет)», «Қазақ халық аспаптарына (қобыз, домбыра, сыбызғы) арналған кіші көлемді ең үздік шығарма (күй)», «Ең үздік балалар әні», «Хорға арналған ең үздік шығарма» және «Қуыршақ театрларына арналған ең үздік драмалық шығарма» аталымдары бойынша марапатталады.

Сондай-ақ IX Республикалық «Елім менің» патриоттық ән конкурсы лауреаттарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтеді.

Конкурсты өткізу мақсаты жас ұрпақты отан сүйгіштікке тәрбиелеу және патриоттық шығармалардың авторларына атаулы қолдау көрсету, отандық орындаушылардың репертуарларын патриоттық тақырыптағы жаңа музыкалық шығармалармен толықтыру, қазақстандық ән туындыларының бәсекелестігін арттыру болып табылады.

Конкурс «Атамекен», «Аманат» және «Ән сал, сарбаз!» аталымдары бойынша лауреаттарды марапаттайды.

Соңғы жаңалықтар