Ертең Түркістан қаласына жылу беріледі

Түркістан облысында жылу беру маусымы басталды, деп хабарлайды kazinform.

жылу
Фото: pixabay.com

Түркістан облысының таулы аймақтарындағы аудан, қалаларда жылу беру маусымы басталды. Ал, ертең Түркістан қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлерге жылу беріле бастайды. Өңірдегі моноқала саналатын Кентау қаласын жылу маусымына қосу 1 қарашаға белгіленіп отыр.

Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан алынған мәліметке жүгінсек, Түркістан облысы алдағы жылыту маусымына дайын. Өңірдегі автономды қазандықтар, жылу және ауыз су желілері, білім беру, денсаулық сақтау нысандары мен көпқабатты тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығы 100 пайызды құрап отыр.
Қазіргі таңда облысқа 436 мың тонна көмір тасымалданған. Энергетика министрлігі облысқа қажетті 2,2 мың тонна әлеуметтік мазутты тасымалдайтын операторларды анықтап бекітіп берген. 1 тонна мазуттың бағасын 115 мың теңгеден түсіп отыр. Қазіргі таңда тасымалдау бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр.

Облыстағы негізгі ірі энергия көзі болып табылатын Кентау жылу орталығындағы 4 қазандық демеушілер есебінен ағымдағы жөндеуден өткізілді. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен бөлінген 3 млрд. теңгеге 4 қазандықты қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда демонтаж жұмыстары толық аяқталған. Тек жаңа құрылғыларды орнату, тексеру жұмыстары атқарылуда. Кентау жылу электр орталығы 3 мыңнан астам нысанды, оның ішінде көпқабатты және жер үйлерді, коммерциялық және бюджеттік ұйымдарды жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етеді.

Мамандардың айтуынша облыстағы жылу желілеріне тұтастай техникалық зерттеу де жүргізілген. Жылу желілерінің тозуы 44,8 пайызды құрап отыр, оларды реконструкциялау бойынша 2025 жылға дейін арнайы іс-шаралар жоспары да жасалған.

«Қазіргі таңда, республикалық бюджеттен бөлінген 3,8 млрд.теңге қаржыға Кентау қаласындағы 4,7 шақырым магистральды жылу желілерінде жөндеу жұмыстары аяқталды. 95,4 шақырым жылу желілерін реконструкциялау бойынша 2 жоба әзірленуде, құрылыс-монтаж жұмыстарының құны шамамен 10,5 млрд. теңгені құрайды. Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары тұрақты бақылауда» - делінген Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан ұснылған ақпаратта.

Айта кетейік, жуырда Премьер-Министр Әлихан Смайылов Кентау қаласына барып, жылу орталығының жұмысымен танысқан болатын.