Ертең жаңа облыстардан Сенат сайлауына кандидаттар ұсыныла бастайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орталық сайлау комиссиясы отырысында Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру және өткізу мәселелері қаралып, ережелері нақтыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Отырыс барысында сайлауға дайындық және оны өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту, сайлау құжаттарының кейбір нысандарын бекіту, депутаттыққа кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мөлшерлерін белгілеу мәселелері қаралды.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров атап өткендей, Конституцияға сәйкес Сенатта әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және астанадан екі адамнан өкілдік ететін депутаттар болуы керек.

Сенат депутаттарын жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы мәслихаттар депутаттары сайлайды.

Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізуді Орталық сайлау комиссиясы басқарады, өңірлерде тиісті аумақтық сайлау комиссиялары қамтамасыз етеді.

Ортсайлауком төрағасының орынбасары Константин Петровтың баяндауынша, үш облыстың әрқайсысынан 2 депутат сайланады: олардың біреуі – 2017 жылғы 28 маусымда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне, екіншісі – 2020 жылғы 12 тамызда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне сайланады.

Конституцияға сәйкес, 30 жасқа толған, ел аумағында кейінгі 10 жылда және тиісті облыс аумағында кемінде 3 жыл тұрақты тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматы Парламент Сенатының депутаты бола алады. Сонымен қатар, үміткердің жоғары білімі мен кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы керек.

Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтардың сайлауға және сайлануға құқығы жоқ.

Соттылығы заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған адам, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсін сот таныған адам Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат бола алмайды.

Сонымен, бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес сайлау науқанының келесі кезеңдері анықталды:

- Кандидаттарды ұсыну – 13 шілдеден 30 шілде сағат 18:00-ге дейін.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидатты ұсынуды мәслихаттар, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырады. Сенат депутаттығына кандидат облыс мәслихаттарының өкiлдерi болып табылатын таңдаушылардың жалпы санының кемiнде 10%-нiң қолдауына, бiрақ бiр мәслихаттан таңдаушылар дауысының 25%-iнен аспайтын даусына ие болуға тиiс.

Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттың Қазақстан Республикасының Конституциясында және сайлау туралы Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтауды облыстың сайлау комиссиясы қажетті құжаттарды алғаннан кейін үш күн ішінде жүзеге асырады.

- Тіркеу – 3 тамыз сағат 18:00-ге дейін.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеуді облыстық, қалалық немесе аудандық мәслихаттың депутаттыққа кандидат етіп ұсыну туралы шешімі (мәслихат ұсынған жағдайда); депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсуге келісімі (ниеті) туралы өтініші; тиісті сайлау комиссиясының кандидатты қолдап қойған таңдаушылардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамасы; кандидаттың өмірбаяндық деректері; кандидаттың және оның жұбайының (зайыбының) активтері мен міндеттемелері туралы декларациялар тапсырғаны туралы мемлекеттік кіріс органының анықтамасы; кандидаттың 900 000 теңге көлеміндегі сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжат болған кезде облыстық сайлау комиссиялары жүзеге асырады.

Егер сайлау қорытындылары бойынша кандидат Парламент Сенатының депутаты болып сайланған немесе дауыс беру қорытындылары бойынша кандидат дауыс беруге қатысқан таңдаушылар даусының кемінде 5 пайызын алған жағдайларда, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарна кандидатқа қайтарылады. Қалған барлық жағдайларда енгізілген жарна қайтарылуға жатпайды және республикалық бюджет кірісіне алынады.

- Сайлау алдындағы үгіт – 3 тамыз сағат 18:00-ден бастап 23 тамыз сағат 00:00-ге дейін.

- Тыныштық күні – 23 тамыз.

- Дауыс беру күні – 24 тамыз.

Сенат депутаты сайлауындағы дауыстарды санау нәтижелері дауыс беруге арналған пункте өткізілетін тиісті сайлау комиссиясының отырысында белгіленеді.

Сенат депутатын сайлау бойынша дауыстарды санау хаттамасы таңдаушылардың бірлескен отырысында жария етіледі және сайлау күнінен бастап 2 күннен аспайтын мерзімде, яғни 25 тамызда Ортсайлаукомға жіберіледі.

Парламент Сенаты депутаттарын сайлау қорытындыларын Ортсайлауком сайлау өткізілген күннен бастап 7 күн мерзімнен кешіктірмей белгілейді.

Жаңа облыстарда «ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау құжаттарының кейбір нысандарын бекіту туралы» қаулы жобасын ОСК мүшелері бірауыздан қабылдады.

Қаулымен сайлау құжаттарының мынадай нысандары бекітілді:

1) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған бюллетень;

2) Республика Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі дауыстарды санау нәтижелері туралы сайлау комиссиясының хаттамасы;

3) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауында дауыстарды санау нәтижелері туралы хабарлама.

Сондай-ақ, «ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мөлшерлерін белгілеу туралы» қаулы қабылданды.

Қаулы бойынша кандидаттың теледидар мен радио эфирлерінде сөз сөйлеуіне, сондай-ақ мерзімді баспа басылымдарында 2 мақала жариялауына – 350 000 теңге сомасында; сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға – 70 000 теңге сомасында; көлік шығыстарына – 80 000 теңге сомасында шығыстар мөлшері белгіленген.

Еске салсақ, бұған дейін Президент Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Сенат депутаттарын сайлау туралы Жарлыққа қол қойған болатын.


Соңғы жаңалықтар