Ертеңіне еңбекпен жол жалғастырған айтулы ауыл - Қызылорда облысы

Қазіргі таңда ауылдық округте қоныстанған 374 отбасында 2034 жан тұрады. Қай кезден бері егін және мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан ауыл тұрғындары бүгінгі күні де осы кәсібін өркендетуге бетбұрыс жасап келеді. Тоқырау кезеңінің тұзағына ілікпей, өзіне тиесілі тірлігін сақтап қалған ауылдағы шаруашылықтардың ісі күн санап ілгерілеуде. Бүгінде елді мекенге тиесілі 36668 га жер көлемінің 15665 гектары ауыл шаруашылығына жарамды саналады. Соның ішінде 6148 га жер егістікке пайдаланылса, шабындыққа 2921, жайылымға 6596 га жер көлемі игерілуде. Келешекте пайдалануға жарамды 5338 гектар жері және бар.
Ауылдағы ірілі-ұсақты 20 шаруашылық өз шаруасын ілгерілетуде тынымсыз еңбек етіп келеді. Соның ішінде өткен жылы «Байтабын» ЖШС 731 гектарға күріш егіп, көздеген межеден шыға білді. Техникалары мен басқа да қажеттіліктерін сайлап алған шаруашылық төрағасы Сапар Мыхановтың қажырлы қайратын тұрғылықты халық жоғары бағалайды. Ауыл топырағымен тыныстаған азамат 1999 жылдан бері аталмыш шаруашылыққа төраға болып, тасын өрге сүйреуге зор ықпал етіп келеді.
Сол сияқты ауданға қарасты үш ауылдық округты қамқорлығына алған «Алтын-дән ПВА» ЖШС өткен науқанда Бұқарбай батыр ауылында да 500 гектар жерге сыр салысын өсіріп, қамбаны алтын дәнге толтырды. Ал заман көшіне ілесе білген қызылордаагросервистіктер 875 гектарға күріш егіп, жылды олжалы аяқтады. 2002 жылдан бастап «Алуан-Ас» инвестиция салып, жұмысын бір жүйеге түсірген бұл серіктестікте де ауқымды істер атқарылуда.
Ауылда кәсібін дөңгелеткен жандар аз емес. Тұрғындар күнделікті керек-жарағын ауылдағы төрт дүкеннен алып отыр. Елді мекен тұрғындарының облыс орталығына қатынауы да қиындық туғызбайды. Күніне бір мезгіл Бұқарбай-Қызылорда бағытында автобус қатынаса, аудан орталығына тиімді бағада таксилер ерсілі-қарсылы жүріп тұр.
Бұған дейін қиындық туғызып келген ауызсумен қамту жолға қойылған. Жергілікті қазынадан ауызсу жүйесінің 6 шақырымына күрделі жөндеу жүргізуге 30 млн. теңге қаралып, 28 су шүмектері жаңартылды. Ауыл әкімінің айтуынша, жаңа жылға тағы 5 шақырым су құбырын күрделі жөндеу сұралып отырса керек. Бүгінде ауыл халқы екі мезгіл 1 сағаттан ауызсумен қамтамасыз етіліп отыр. Сол сияқты ауылдағы телефон байланысы да шешімін табуда. Қазіргі таңда елді мекенде 160 телефон нүктесі жұмыс жасауда. Алдағы уақытта бұған қосымша 140 радио-телефон нүктесін қосу жоспарлануда. Интернет жүйесі де іске қосылған. Бұл ауыл халқына кез келген бағытта байланыса алуына мүмкіндік туғызып отыр. Сол сияқты ауыл әкімдеріне берілетін 1 млн. теңгені тиімді пайдалана отырып ауылдағы Бұқарбай батыр көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Көркейту-көгалдандыру жұмыстары да көңілден тыс қалмапты. Пошта қызметі де жүйелілік танытып тұр.
Өткен жылы батыр атындағы ауыл тұрғындары «Жол картасына» өзіндік үн қоса білді. Аталмыш бағдарлама аясында ауылдағы №13 «Балдырған» балабақшасына 10 млн. 11 мың теңгеге екі бу қазандығы алынып, жылу мәселесі өз шешімін тапты. Қазірде балалар мекенінің жұмысы санитарлық талапқа сай. Ыстық тамақпен қамту ісі жолға қойылған. Асханаға қажетті жаңа техникалар алынған. Балаларды дәрігерлік қадағалау жұмысы жүйелілік танытып тұр.
Мұндай құбылыс ауылдық жанұялық емхана мен мәдениет үйіне де тән. 1983 жылы пайдалануға берілген екі қабатты дәрігерлік емхана 25 орынмен жұмыс жасауда. Бір жедел жәрдем көлігі науқас жандарға дер кезінде көмек қолын созып келеді. Ал 1989 жылы іргесі қаланған ауылдық мәдениет үйі қазірде 370 орынды құрайды екен. Мәдениет үйінің директоры Ұлтай Пірмаханованың айтуынша, алдағы уақытта ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі туындауда.
Бүгінде бұл ғимаратта бірнеше мекемелер топтастырылған. Оның ішінде халыққа қызмет көрсету орталығы бөлімшесінің ашылуы жергілікті жұртшылықты зор қуанышқа бөлеп отыр. Ауыл тарихынан терең сыр шертетін мұражай да осында орналасыпты. Онда 450-дей құнды экспонаттар сақтаулы. Ауыл кітапханасында түрлі жанрдағы 16 мыңға жуық білім бұлағы жинақталыпты.
Келешек ұрпағымызға сапалы білім беруді үйлестіріп келе жатқан №33 орта мектептің жұмысы көңілге қуаныш ұялатады. Бүгінде мектепте 2 ауысыммен 398 оқушы дәріс алады.
Мектеп директоры Елубай Әбдіқадыров аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан 60 бала ыстық тамақпен қамтылып отырғанын алға тартады. Мектепте үш кабинет интернет жүйесіне қосылса, бес сынып бөлмесі интерактивтік тақталармен жабдықталған. Мектеп кітапханасында 23891 кітап қоры жинақталған. Сондай-ақ «Дипломмен - ауылға» акциясының да ауыл мектебіне ықпалы тимей қалмапты. Бүгінде аталмыш бағдарлама аясында білім ошағында үш мұғалім жұмыс жасауда.
Қалай дегенде де ауыл тұрғындары әрдайым еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуды мақсат тұтады. Ұлы мұратқа жетуді көздеген ауыл жұртшылығының толағай тірлігінен осыны аңғарғандаймыз.