Ертіс өңірінің киелі жерлері шығыстың журналистерін күтеді
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының журналистері мен блогерлеріне Павлодар облысының киелі жерлерін тамашалап қайту туралы ұсыныс жасалды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
«25-31 мамыр аралығында облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен еліміздің шығыс өңірінің киелі жерлеріне баспасөз туры ұйымдастырылған болатын», - дейді ведомствоның бас маманы Шынболат Ташеков. - Мұндағы басты мақсат - көршілес аймақтың туристік әлеуетімен танысу әрі киелі орындарды насихаттау. Барлығы 12 адам жолға шықты. Олардың ішінде журналистер мен блогерлер бар. Бес күннің ішінде Абай, Ұлан және Катонқарағай аудандарындағы бірқатар нысандармен таныстық: «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі, Қоңыр әулие үңгірі, Абылайкит ғибадатханалық кешені, Берел қорғаны, Рахман қайнары. Ауа райына байланысты Мұзтауға жете алмадық».
Бас маманның айтуынша, еліміздің шығыс өңіріне жасалған сапардың нәтижесінде белгілі блогер Яков Федоров сол аймақтың киелі орындары туралы төрт фильм түсіреді. Көрші аймақтың ішкі саясат басқармасына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған «Шығыс Қазақстанның киелі жерлеріне ақпараттық баспасөз туры» жобасын қолдау туралы ой тасталған. Сонымен қатар, Ертіс өңірінің киелі орындары туралы мәлімет берілген. Оның ішінде облыстағы қасиетті жерлердің тізіміне кірген Сақ қорғаны, Торайғырдың тас мазары, Баянауылдағы Кемпіртас, қасиетті бұлақтар, Майқайыңнан табылған «Ақбидайық» петроглифтері, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев және Хазірет Исабек Ишан кесенелері, Жаяу Мұсаның мазары және тағы басқа тарихи, мәдени және рухани орындар бар.