«Ертіс орманы» резерватында 850 га жер өртенді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Павлодар облысындағы өртке байланысты жедел штаб құрылып, өзге аймақтардан мамандар мен техника тартылып жатыр. Бұл туралы ҚР ТЖМ Дағдарыс жағдайларында басқару орталығы кезекші бөлімінің бастығы Эльдор Райымбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: t.me/qr_tjm

«2023 жылғы 15 шілдеде Павлодар облысындағы өрт бойынша дағдарыс орталығында жедел штаб құрылды. Бұл жерде келіп түскен соңғы ақпаратқа талдау жасалады. Төтенше жағдайлар министрі мен облыс әкімі өрт аумағын тікұшақпен бақылау жасады. Өрттің ауқымы 850 гектарды құрап отыр. Тілсіз жаумен күреске Астана қаласынан, ШҚО және Қарағанды облысынан қосымша күш жұмылдырылды», - деді Эльдор Райымбеков.

Оның мәліметінше, «Ертіс орманы» резерватындағы өртті сөндіруге 300-ден астам маман және 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.


«Сонымен қатар 5 тікұшақ өрт сөндіріп жатыр, олар осы кезге дейін 22 рет (66 тонна) су шашты. Жалынның алдын алу және жою мақсатында командалық штат құрылды. Өрт туралы космомониторинг арқылы да ақпарат жиналып жатыр», - дейді ол.

Бұған дейін «Ертіс орманы» резерватында өрт шыққаны туралы хабарлаған едік.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 15 шілде күні Шарбақты ауданының Степное және Бауыртал орманшылықтарында орманнан өрт шықты.

Сондай-ақ, министр Сырым Шәріпханов жағдайдың бақылауда екенін айтып өтті.


Соңғы жаңалықтар