Ертіс өзеніні жағасында жасөспірімді аман алып қалған әйел марапатталды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында Ертіс өзенінінің жағасында дем ала алмай жатқан жасөспірімді құтқарған әйел марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Абай облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бұл оқиға 13 шілде күні қаланың Затон шағынауданы жағындағы Ертіс өзенінің жағасында болған.
«Сол күні ауа температурасы 45 градустан асып кеткен. Аптап ыстықта жағажайда демалушылардың қарасы көп болды. Балаларымен жағалауда демалып жатқан Айнұр Садырбалина көмекке шақырған дауысты естиді. Ол еш ойланбастан көп адам шоғырланған жерге қарай көмекке ұмтылады», - делінген ақпаратта.
Барса бір ер адам жасөспірімге алғашқы көмек көрсетіп жатыр екен. Алайда көрсетіліп жатқан көмекке қарамастан жасөспірім ес-түссіз болды. Оның денесі көкшілденіп, тынысы тоқтап қалған.
«Бет-әлпетінен суға батқан адамның барлық белгілері байқалған. Осы сәтте Айнұр жасөспірімді бірден реанимациялауға кіріскен. Сөйтіп оны аман алып қалды. Бұл сәтте сәл ғана кешіккеннің өзі баланың өміріне орасан зор қауіп төндіруі мүмкін еді», - делінген хабарламада.
Адам жанын ажалдан арашалаған Айнұр Садырбалинаны Абай облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы «Суға кеткенді құтқарғаны үшін» медалімен марапаттады.