Ертіс-Баян өңірінде 18 мың гектардан астам ауыл шаруашылық жері құнарын жоғалтқан
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 40 пайызы зерттеліп, 18 мың гектардан астам алқаптың деградацияға ұшырағаны анықталды.
Қазір өңірде құнарын жоғалтқан жерлерді қалпына келтірудің жол картасы әзірленіп жатыр. Өңірлік жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитовтың айтуынша, құжатты жыл соңына дейін қабылдау жоспарланған. Ғылыми негізде әзірленетін жол картасы жерді қалпына келтіруге қажетті шығындарды есептеп, бюджеттен қаржы бөлуге өтінім беруге мүмкіндік береді.
– Біз өңірде жерді пайдаланудың негізгі қағидаттарының сақталуын, яғни алқаптардың нысаналы мақсатына сай қолданылуын және олардың деградацияға ұшырауының алдын алу шараларын тұрақты бақылауда ұстаймыз. Мониторинг топырақ құнарлылығының өзгеруін, эрозиялық процестерді, тұздануды, құрғауды, шөлейттенуді және өсімдік жамылғысының жағдайын қамтиды, – дейді басқарма басшысы.
Ауыл шаруашылық алқаптарын зерттеу Жер ресурстарын басқару комитетімен келісілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысқа «Жерлерге зерттеп - қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институтының» мамандары тартылған.
2022 жылдан бері олар Павлодар облысындағы ауыл шаруашылығы жерлерінің 40 пайызын ғана зерттеген. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өңірде шамамен 16 мың гектар жер жел эрозиясына ұшыраған.
Тағы екі мың гектарға жуық алқаптың тұзданғаны анықталған. Бұл аумақтар облыстың әртүрлі аудандарында орналасқан. Тұзданған жерлер негізінен Ертіс өзенінің бойындағы Павлодар, Ертіс және Тереңкөл аудандарында, сондай-ақ Аққулы мен Баянауыл өңірлерінде кездеседі. Олардың басым бөлігі бұрын суармалы егіншілікке пайдаланылған алқаптарға тиесілі.
Бұған дейін Ақтөбе облысында топырақ деградациясына не әсер еткені туралы жазғанбыз.