Ақтөбе облысында топырақ деградациясына не әсер етті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Жайылымды шамадан тыс жиі пайдалану, жел эрозиясы, топырақ құнарлылығының төмендеуі және шөлейттену. Бұл – Ақтөбедегі топырақ деградациясының себебі.
Ақтөбе облысының жер көлемі - 30,1 млн гектар. Жердің басым бөлігі – шөлейтті. Топырақтағы минералды заттар мен оның құрамын зерттейтін мамандар екі жылдан бері осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Ол үшін алдымен әкімнің қаулысы шығады, соған сай жұмыс жоспары бекітіледі. Жоспар бойынша мамандар арнайы орындарды белгілеп, қазба жұмысын жүргізеді. Тереңдісі 80 см, 120 см болатын шұңқыр қазып, зерттеу жоспарына сәйкес топырақ қабатының үлгісін алады. Әр үлгінің арнайы нөмірі бар және қазылған жер картаға түсіріледі, цифрландырылады. Кейін топырақ үлгісі зертханалық талдауға беріледі. Кезең-кезеңімен атқыралатын жұмысты ондаған адам жұмыс істейді.
- Үкімет қаулысы 2023 жылы 1 қыркүйекте шықты. Қаулыға сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» РМК Ақтөбе облысы бойынша филиалы құрылды. Филиал 2024 жылы қаңтарда жұмысын бастады. Мұнда топырақ үлгісіне талдау жүргізіледі және геоботаникалық, агрохимиялық зерттеу жұмыстары ұйымдастырылады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің мониторингі де бар. Геоботаникалық зерттеу нәтижесінде өсімдік жамылғысының құрамы мен өнімділігі, жайылымдар мен шабындықтардың жай-күйі, сондай-ақ олардың мал азықтық сыйымдылығы туралы ақпарат алынады. Ақтөбе облысы бойынша Мұғалжар және Хромтау аудандарында топырақ зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ауданы – 1 018 000 га. Мәртөк және Мұғалдарда ауыл шаруашылығы мақсатындағы топырақтың бонитетін анықтау жұмысы атқарылды. Ауданы – 1 055 000 га, - деп хабарлады «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» РМК филиалы.
Елімізде жерді зерттеп-қарау кезінде агроэкологиялық, агрохимиялық және мелиоративтік жағдайына кешенді бағалау жүргізіледі. Соның ішінде қарашірік мөлшері, азот, фосфор және калийдің бар-жоғы, топырақтың қышқылдығы (pH) анықталады. Сонымен бірге топырақтың құрылымы және механикалық құрамы, қоректік элементтердің қоры, топырақтың өнімділігі назарға алынады.
- Ақтөбе облысында топырақтың деградациясы ең алдымен жайылымдардың шамадан тыс пайдаланылуы, жел эрозиясы, топырақ құнарлылығының төмендеуі және шөлейттену үдерістерімен байланысты. Қазіргі таңда жердің тозу деңгейін нақтылау және оның таралу аумақтарын айқындау мақсатында жердің тозуының электрондық карталарын әзірлеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстар аясында Ақтөбе облысының аумағындағы ауыл шаруашылығы алқаптары толық зерттеледі. Зерттеу жұмыстарын 2029 жылға дейін аяқтау жоспарланған. Нәтижесі шыққан соң дефляцияға ұшыраған алқаптарды ауыл шаруашылығы айналымынан шығарып, оларды «басқа жерлер» санатына ауыстыру мәселесі көтеріледі, - деп мәлімдеді «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» РМК филиалы.
Еске салсақ, биыл Мемлекет басшысы Топырақты қорғау туралы заңға қол қойды.