Ертіс-Баян өңірінде 600-ден астам жас әскер қатарына алынуы мүмкін
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Биыл күзде Павлодар облысынан әскер қатарына 600-ден астам азаматты шақыру көзделген. Қабылдау комиссиясы қазіргі күні іріктеу жұмыстарын бастап кетті.

Өңір бойынша 18 бен 27 жас аралығындағы 20 мыңдай жігіт бар. Бірақ олардың көбінде әскери парызын өтеуден уақытша босататын себептері бар. Әскерге шақырудан босатылғандардың дені, яғни 16 мыңы оқу орындарында білім алып жатыр. 1141 тұрғын отбасылық жағдайына байланысты босатылса, тағы 294 ер азаматта түрлі себептер бар.
— Биылғы көктемде шұғыл әскери қызметке өңірімізден 665 адам шақырылды. Ал күзде шақыртуға 664 адам ілігетіні белгілі болып отыр. Олардың 320-сы қазірдің өзінде Қазақстан Республикасының Әскери күштері қатарына жіберілсе, 65 сарбаз ҰҚК-ның шекаралық қызметіне, 250-і Ұлттық гвардияға, 20-сы Төтенше жағдайлар министрлігі құрылымдарына және 9-ы мемлектетік күзет қызметіне бағытталды, — деп хабарлады облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттен.
Мамандар әскерге шақырту азаматтарға қағаз жүзінде, сондай-ақ ұялы телефонға хабарлама ретінде жіберілетінін айтады. Шақырылушының телефон нөмірі eGov-қа тіркелгені маңызды емес, бастысы ол ұялы байланыс операторлары арқылы енізіліп қойған.
Еске сала кетейік, әскерден жалтарғандар 1 жылға сотталуы мүмкін.
Сондай-ақ елімізде әскерге шақырылғандарды көшеден ұстап әкетуге тыйым салынды.