Ертіс-Баян өңірінде баспана құрылысының қарқыны 17%-ға өскен
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Биыл өңірде несиелік тұрғын үй желісі бойынша 8 үй салынуы керек. Оның жартысынан көбі дайын тұр. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчуктың айтуынша, өңірдің құрылыс саласындағы даму қарқыны 17%-ға жетті.

— Биыл несиелік тұрғын үй желісі бойынша 8 үй салынуы керек еді, олардың дені тапсырылды. Павлодар қаласында жалпы ауданы 35 мың шаршы метрден асатын 396 пәтерлік 4 үй салынды. Екібастұзда 14 мың шаршы метр болатын 180 пәтерлік 3 үй пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта аталған үйлерді «Отбасы банк» арқылы рәсімдеу және сату процедуралары қолға алынған. Ақсу қаласына келетін болсақ, онда 81 пәтерлік үйдің құрылысы жүріп жатыр, — дейді ол.
Бюджет есебінен әлеуметтік осал топтарға берілетін 721 жалға берілетін тұрғын үй сатып алу жоспарланған. Мұндай баспаналар қалалық жерлерде ғана емес, ауылдық аймақтардан да қарастырылады.
Еске сала кетейік, биыл 105 гидротехникалық құрылысқа тексеру жүргізіледі.