Ертіс-Баян өңірінде қабан көбейе бастаған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысының аумағында қазіргі күні 200-ден астам қабан бар. Орман және жануарлар дүниесін қорғау инспекторлары тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді.
Соңғы уақытта Ертіс қаумалында жабайы жануарлар көбейіп келеді. Соның ішінде елік пен қабанның саны арта түскен.
Биыл жабайы жануарлар Ақсу қаласы маңындағы саяжайларға жиі кірген. Адамнан қаймықпайтын қабанның көбеюі тұрғындарды ғана емес, орманшыларды да алаңдатып отыр. Айтуларынша, жабайы жануарлар әдетте ымырт үйіріле бастағанда орманнан шығады. Әсіресе Ақсу мен Павлодар қалаларының маңайында жиі кездеседі.
- Қабандардың саяжай аумағына кіргені туралы тұрғындар бірнеше мәрте шағымданды. Олардың тіршілік етуіне қолайлы орта - өзеннің жағасы, ну орман, қалың қамыс. Ертіс қаумалының Ақсу қаласы маңында жабайы шошқалардың саны 40-тан асады. Түнгі уақытта қорек іздеп, саяжайларға келеді. Бұл жерде бірнеше саяжай алабы бар. Ал қабандардың облыстағы жалпы саны 200-ден асады, - дейді өңірлік орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіпов.
Қабан жыртқыш аңдар қатарына жатады. Орманшылар соған орай тұрғындарға сақ болуды ескертіп отыр. Жабайы жануар жүрген жерінің бәрін қопарып, шөптің тамырларымен қоректенеді. Ертіс қаумалында аңшылықтың барлық түріне тыйым салынған. Жабайы аңның санын реттеуге мүмкіндік жоқ.
Бұған дейін Ертіс орманында фототұзаққа бір мезгілде бірнеше аң түсіп қалғаны туралы жазғанбыз.