Сықырлаған аязда жанымызға жылу берген қазақтардың арқасында жан сақтадық — Микаил Аушев
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ел бірлігінің іргетасын нығайтуға атсалысу белгілі бір мамандықты қажет етпейтіні мәлім. Ертіс-Баян өңірінде кәсіпкерлігімен аты шыққан Микаил Аушев халық достығына тамшыдай болса да үлесімді қоссам дейтін азаматтың бірі.
Микаил Аушевтің ата-анасы депортация жылдары өзге ұлттармен Қап тауынан Қазақстанға ауып келген. Қазақ халқының қонақжайлығы мен қамқорлығының арқасында Арқа жерінің ыстық-суығына төзіп, күрделі кезеңді бастан өткерді. Михаилдің әкесі 12 жасында, анасы одан да кіші жеткіншек шағында Ертіс-Баян өңірінің қасиетті топырағына табан тіреген. Сталинның пәрменімен өкпеден өткен ызғарда суық вагондарда қойша айдалған бауырлас халық алда не тағдыр күтіп тұрғанын білмегені анық.
— Күшпен көшіру тақырыбы біздің бала шағымызда айтылмайтын. Тек есейіп, өмірге араласа бастаған шақта ата-анамыз там-тұмдап айта бастады. «Жаратқан бізді мұсылман елге тап келтірмегенде тағдыр-талайымыздың қалай боларын кім білген… Сақырлаған аязда жанымызға жылу берген қазақтардың арқасында жан сақтадық», дейтін марқұм әке-шешем. Әкем 91-ге, анам 85-ке келіп өмірден озды. Олардың қазақ халқына деген ықылас-құрметі ерекшетұғын. Бір тілім нан табу — бақыт болған заманның теперішін көрмесек те, үлкендердің айтуымен сезіндік. Қонақжайлық — қазақтың қанына біткен қасиет қана емес, ол — жергілікті халықтың ұлттық колориті деп ойлаймын. Бір мезетте шешен, ингуш, неміс, кәріс, т. б. сандаған ұлттарға пана болу қазақ халқының ғана қолынан келген, -деп бастады әңгімесін Микаил Османұлы.

Ол бүгінде Павлодар облыстық »Халкъан барт» («Халық бірлігі») шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы болып қызмет атқарады. Мұнда аталған ұлт өкілдерінің мәдениеті мен ана тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жаңғырту, Қазақстан халқының тарихы мен мемлекеттік тілді, мәдениеті мен құндылықтарын үйрету мақсат етіледі. Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, жастар бірлестігі, спорт үйірмелері, вокалдық және би ұжымдары бар. Екібастұз бен Ақсу қалаларында, Ақтоғай, Павлодар, Шарбақты, Тереңкөл аудандарында филиалдары жұмыс істеп тұр.
2024 жылғы су тасқыны кезеңінде аталған орталық атынан зардап шегушілерге айтарлықтай материалдық және ақшалай көмек көрсетілді. Дейтұрғанмен Михаил Османұлы мұқтаждарға бірлестіктің және өз отбасы атынан берген көмекті санамалап айтуға ыңғайсызданатынын жеткізді. «Бастысы, жасап жатқан көмегім Жаратқанға аян», дейді. Бір жылдары еліміздің оңтүстігіндегі әскери қоймада жарылыс болғанда оның шаруашылығы 25 тонна картоп жөнелткенін білеміз.

М.Аушевтің Ассамблеядағы қызметінен бөлек, жұрт оны ірі шаруашылық басшысы ретінде жақсы таниды. Железин ауданындағы «Пахарь» ШҚ» ЖШС-ін ұзақ жылдардан бері басқарып, тың жерден агроқалашық тұрғызды. Шаңы шығып жатқан қу тақыр жерде құрылысы 2011 жылы басталған агроқалашық арада бес жыл өткенде жалпы саны 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтитын іргелі шаруашылыққа айналды. Бүгінде мұнда шаруашылық ғимараттарына қоса, тұрғын үйлер салынған. Жалпы саны 48 пәтер бар. Баспаналар орталықтандырылған жылу, су, кәріз жүйелеріне қосылған. Жайлы пәтерлерді паналаған отбасылар пәтер ақысы мен коммуналдық төлемдерден босатылған. Бастысы шаруашылықтың жұмысына адалдық танытып, ортақ мүлікке ұқыпты болса жетіп жатыр. Шаруашылықта 9,2 мың гектарға егін салынып, асыл тұқымды мал ұсталады. Заманға сай тұрғызылған тауарлы сүт фермасында мыңдаған сиыр бар. Малдың жем-шөбіне арналған арнайы база, көкөніс қоймалары, машина-трактор паркі және т. б. ауқымдылығымен көрген жанды тамсантады.
«Пахарь» ШҚ» суармалы егіншілік бойынша елімізді қойып, ТМД бойынша ең ірі шаруашылықтардың бірі болып саналады. 9,2 мың гектардың шамамен 60 пайызы қолдан жасалған су жинағыштан ағып шығатын каналдан суарылады. Бұл каналдың жалпы ұзындығы 92 шақырым.
— Біз қоныс еткен жердің топырағы негізінен құмды. Бидай, арпа, сұлы сияқты дәнді дақылдарға аса қолайлы емес, бірақ картоп пен жүгері жақсы өседі. Қолдан суарудың арқасында өнімділікті жоғары деңгейде ұстауға мүмкіндігіміз бар. Ал картобымыз сапалы әрі ұзақ сақталады. Облыстық тұрақтандыру қорына жыл сайын картоп береміз. Биылғы қысқа килограмын 100 теңгеден 680 тонна өнім тапсырдық. Бұл жердегі негізгі мәселе әл-ауқаты төмен отбасыларды бағасы арзан азық түрімен қамтамасыз ету болғандықтан, үйлестіру органдары қанша өнім сұраса да беруге дайынбыз. Себебі жергілікті астықтың ырыздығын ең әуелі өзіміздің тұрғындар көріп, сезінуі керек. Мемлекет, халық алдында белгілі бір міндеттемелеріміз бар екенін әрдайым ұмытпаймыз, — дейді ол.

Сөз соңында Микаил Османұлы жас ұрпаққа отаншылдық рухының дәнін егу бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін айтып өтті.
— Балаларыма үнемі Қазақстанның патриоты болыңдар, қажет болса Отанымызды қорғауға дайын тұрыңдар деп айтып отырамын. Себебі біздің Отанымыз біреу, ол — Қазақ елі! Қасиетті қазақ жерінің топырағын мекендеп, кәсіп етіп, нан тауып отырған әр саналы азамат осылай ойлайтынына дауым жоқ, — деп түйіндеді сөзін.
Еске сала кетейік, Ата Заңымызда бірлік пен келісімнің негіздері нығая түседі.