Ертіс-Баян өңірінің фермерлері биыл 541 жаңа техника сатып алады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Олардың дені тракторлар мен комбайндар, аспалы және тіркемелі техника түрлері. Биыл егіс жұмыстарына облыста 1234 шаруашылық қатысады деп күтіліп отыр.

трактор
Фото: Үкімет

Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, өңірдегі болжамды егіс алқаптарының көлемі — 1 млн 657,3 мың гектар. Майлы және жемшөп дақылдарының егістігін кеңейту есебінен өткен жылғы деңгейден 20,3 мың гектарға көп.

Бұған дейін облыста барлығы 49 358 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен түрлі жабдықтар бар болса, оның 39 327-сі немесе 79,7% пайызы тозып кеткені туралы жазғанбыз 

Басқарманың бас маманы Зәмзагүл Бүркітбаеваның сөзінше, биыл жергілікті фермерлер жаңадан 541 техника сатып алуға өтінім берген. Бұл қолданыстағы ескі техникаларды шамамен 1,3 пайызға жаңартуға мүмкіндік береді.

«Көктемгі дала дұмыстарына шамамен 1234 шаруашылық құрылымы қатысады деп болжанып отыр. Өсімдік шаруашылығын қаржылай қолдауға бюджеттен 5,9 млрд теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қазірідң өзінде 2,4 млрд теңге төленіп қойды.

Субсидиялар тұқым шаруашылығы дамытуға, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтердің құнын және шаруаларға су жеткізу жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялауға бағытталған. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығын субсидиялаудың барлық бағдарламалары бойынша 13,2 млрд теңге төленді», — дейді ол.

Диқандарды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Қазіргі сәтте дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар бойынша тұқымдардың жалпы жетіспеушілігі 7,4 мың тоннаны құрайды. Маманның айтуынша, ол басқа көздерден тұқым сатып алу есебінен жабылатын болады. Фермерлерге жалпы көлемі 174,4 мың тонна тұқым қажет.

«Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Павлодар облысына 25,7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Комиссия шешімінен „LF TRADE“ және „ТК Парнас“ серіктестіктері жеткізуші операторлар ретінде таңдалды. Операторлық қызметтерді ескере отырып, арзандатылған дизель отынының 1 тоннасының құны 282 мың теңгені немесе литріне 237 теңгені құрады. Бұл өнімнің нарықтық құнынан 58 теңгеге арзан (нарықтық құны 295 теңге/литр). Қазір 13,6 мың тоннаға шарттар жасалып, 5,8 мың тоннасы ақша төленді. 4,1 мың тонна сұйық отын тасылып үлгерілді. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр», — деп нақтылады басқармадан.