Ертіс бойы орман шаруашылықтарының өртке қарсы әлеуеті әлсіз

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңіріндегі кейбір орман шаруашылықтарында өртке қарсы техникалық мүмкіндіктер осал. Өрт сөндіру стансалары мен қызметкерлердің, жанар-жағармай қорының жетіспеушілігі, құрал-жабдықтардың тозуы байқалып отыр.

а
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Тозған техника есептен шықпаған

Жуықта Үкімет басшысы Абай және Павлодар облыстарындағы орманды өрттен қорғау ісі әлсіз екенін сынға алғаны мәлім. 

Өңірлікорман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, орман өрттерінен қорғау жүйесінің жай-күйін бағалау нәтижелері облыста бірқатар проблемалар мен сәйкессіздіктерді анықтаған.

Тіпті, үш коммуналдық орман қорғау ұйымының екеуі — Павлодар және Максим-Горький шаруашылықтары — қанағаттанарлықсыз баға алған (2,8 және 3,5 балл).

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі жағдай да оңып тұрған жоқ. Сәуір айында кенеттен тұтанған тілсіз жау «Жасыбай» демалыс аймағындағы 20 гектардан астам жерді жайпап кеткені мәлім. 

а
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Орман шаруашылықтары мен ұлттық паркте орман өрттеріне дайындық жұмыстарының уақытында аяқталмауы, орман өртін сөндіру стансаларының (ӨСО) болмауы немесе стандарттарға сәйкес келмеуі, штат бірліктерінің жеткіліксіздігі мен материалдық-техникалық жабдықталу деңгейінің төмендігі байқалып отыр.

— Мәселен, «Ертіс орманы» резерватындағы 16 орманшылық бөлімшесінің 4-інде ӨСО мүлдем жоқ. Өрт сөндіру техникасының, құрал-жабдықтардың біраз бөлігі тозғанына қарамастан есептен шығарылмаған. Ал Баянауылда жанар-жағармай жетіспеушілігі байқалды. Бұған қоса найзағайға қарсы құрылғылардың болмауы және кейбір учаскелерге, әсіресе Ертіс өзенінің жайылымдық аймағындағы жерлерге жету қиын. Өткен жылы дауылдардың салдарынан құлаған ағаштар мен сынған бұтақтар орман аумағында көптеп жиналып қалған. Олар уақтылы тазартылмаған. Резерват пен ұлттық парк техникамен толық жарақтандырылғанына қарамастан, бірқатар шешілмеген мәселелер бар. Атап айтқанда, резерваттағы 13 ӨСО қолданыстағы «Орман өрт сөндіру стансасы ережесіне» сәйкес келмейді. Сонымен қатар, ондағы Майқарағай, Заводской, Чушкалин орманшылықтарында және Баянауылдағы Далба бөлімшесінде қосымша 4 өрт сөндіру стансасын салу қажет, — дейді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Қайрат Мұсағалиев.

орман
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

72 мың гектар қарағайдан айрылыппыз

Тәуелсіздік жылдары Павлодар облысындағы алапат өрттерден қарағай ормандарының 40 пайызы жанып кеткен. Бұл шамамен 72 мың гектардан асады.

Статистикалық деректерге сүйенсек, өңірдің қазіргі мемлекеттік орман қоры — 479 мың гектар. Оның ішінде орманмен көмкерілгені — 309 мың гектар. Бұл — облыс аумағындағы жер көлемінің небәрі 2,2 пайызы. 

орман
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Орманмен көмкерілуі бойынша республикада 7-орында, ормандылығы бойынша 8-орында тұр. Ал жалпы орман қорының 72%-ы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға тиесілі («Ертіс орманы» — 278 мың гектар, Баянауыл ұлттық табиғи паркі — 68 мың гектар).

Өзгесі облыс әкімдігіне қарасты орман қорғау мекемелерінің орман қоры, сондай-ақ автокөлік және темір жолдар бойындағы орман екпелері.

Өкінішке қарай, жыл сайынғы орман өрттері табиғи байлығымызға орасан зор шығын келтіріп тұр. Тек былтыр облыста 46 орман өрті тіркеліп, 5 мың гектардан астам орманды жер отқа оранған.

а
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

— Биыл көктем құрғақ болғаны себепті, сәуірден бері бірнеше орман өрті тіркеліп үлгерді. Жалпы аумағы 44,4 гектарды шарпыған 6 орман өртінен мемлекетке 815,4 мың теңге шығын келген. Орманды және табиғатты қорғау мекемелері орманды қалпына келтіру жұмыстарын үзбей жүргізіп, тек былтыр 4131,1 гектарға барлығы 19,6 млн дана екіжылдық кәдімгі қарағай көшеттері отырғызылды. Биыл жалпы саны 18 млн данадан астам қарағай көшеттері 3654,5 гектарға отырғызылуы керек. Резерват пен ұлттық парк қажетті көшеттерді өздерінің питомниктері есебінен қамтамасыз етуде. Ал өзге мекемелер көшеттерді сатып алады. Сондықтан соңғыларын көшетпен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті болып отыр, — деп қосты Қайрат Мұсағалиев.

а
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Өрт мұнаралары тиімді ме?

Ал «Ертіс орманы» резерваты бас директорының міндетін атқарушы Қазбек Әметов қазіргі уақытта орман арасын құлаған ағаштардан тазарту жұмыстары қауырт жүріп жатқанын жеткізді.

Биыл жазда жалпы ұзындығы 570 шақырым минералды жолақтар салу, қолданыстағы 9,6 мың шақырым минералды жолақтарға күтім жасау жоспарланған.

— Ауа райын болжаушылар биыл жаздың аса ыстық болатынын айтуда. Резерваттың ықтимал өрт жағдайларына дайындығы ойдағыдай жүріп жатыр. 3 жасанды өртке қарсы су қоймасы (әуеден су төгетін құралдарға арналған) және орманшылықтар мен орман алқаптарында су толтырылған 35 үлкен ыдыс орналасқан. Бәйімбет, Шошқалы, Степной, Тайбағар, Майқарағай орманшылықтарында қосымша 5 су ыдыстарын орнату жоспарда бар. Қауіпсіздік мәселелері бойынша жергілікті халықпен, шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесіп, түсіндіру іс-шараларын үзбей жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі күні резерватта барлығы 244 техника бар, оның ішінде 39 өрт сөндіру және 21 патрульдік көліктер, 93 трактор. Бұл бекітілген нормативтердің 100%-ын құрайды. Резерват жұмысына биыл бюджеттен 4 млрд 649 млн теңге бөлінгелі отыр, — дейді резерваттың бас орманшысы.

а
Фото: Қазбек Әметовтың жеке архивінен

Жүргізілген талдауларға ден қойсақ, резерват 2003 жылдан бастап өртеніп кеткен 46 935 гектар орман алқабын қалпына келтірген.

Орман өрттерінің сиреуіне былтыр орнатылған 23 мұнара (тепловизорлары және жоғары сапалы бейнекамералары бар) сеп болған. 2024 жылы 38 өрттің 20-сы мұнаралардың көмегімен анықталыпты.

Ал орман ұрлығы бойынша өткен жылы 4 жағдай тіркелген. Резерват қызметкерлері мен тәртіп сақшыларының бірлескен жұмысының арқасында заңсыз ағаш кесу 97%-ға азайғаны байқалған.

орман
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Қазбек Әметов өрт қауіпті кезең биыл ерте басталғанын айтады. Жыл басынан орманда 4 өрт оқиғасы тіркеліп, жалпы аумағы 0,87 гектар жер жанған.

— Резерваттың негізгі штатында 307 адам және 354 адамнан тұратын қосымша штат жұмыс істейді. Қызметкерлердің орташа жас мөлшері — 30-50 жас. Тракторист, жүргізуші, дәнекерлеуші сияқты жұмысшы мамандықтарға сұраныс сақталуда. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда кадр тапшылығы мәселесі аса өзекті емес, — дейді ол.

а
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Қытайлық техника таулы жерге жарамайды

Баянауыл ұлттық паркінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өрт оқиғалары жиі тіркелетін. Таулы жерді қызықтап келетін туристердің бақылаусыздығы, өртке қарсы жүйелердің әлсіздігі байқалып тұратын еді.

Оның үстіне дағдарыс кезеңіндегі техника мен материалдық ресурстың жетіспеушілігі орманның елеулі бөлігін жоғалтуға алып келді. Соның ішінде 1991 жылы Баян тауларының оңтүстік жағында тау қиялары бір ай бойы жанғаны есімізде.

— Таулы жердегі өртті жазық далалы жердегі орман өртімен салыстыруға келмейді. Мәселен, «Ертіс орманы», «Семей орманы» резерваттарында тілсіз жауды қарсы өрт қойып тоқтатып алады. Таулы-тасты аймақтарда тұтанған жалын көбіне ағаштың тамырына кіріп кетеді. Ол бықсып ұзақ жанады, дауыл тұрса өршіп, лезде таралып кету қаупі бар. Әсіресе, тас арасына кіріп кеткен шоқ қауіпті. Екіншіден, соңғы уақытта ұлттық паркте қытайлық техникалардың қаптап кетуі қынжылтады. Қытайлық техникалардың қуаты аз, небәрі 500 литр суды таудың үстіне шығара алмайды. Ескі Газ-66 жүк көлігінің базасындағы бұрынғы өрт сөндіру машиналары мықты, кез келген қияға 3 тонна суды жеткізіп жүрміз. Бірақ олар бүгінде әбден ескірген. Сондықтан жаңа техника сатып алғанда ресейлік көліктерге маңыз берген дұрыс деп ойлаймын. Қытайлық техникалардың астының бәрі кәдімгі пластмасса, өрттің үстінен жүріп өтсе, еріп түсіп қалады, -дейді орман шаруашылығында 37 жылдық еңбек өтілі бар Ерғалым Қайырденов.

орман
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Баянауыл орманы өз бетімен қалпына келген

Орманшы бүгінде Баянауыл ұлттық паркінде гид-экскурсовод болып қызмет етуде. Орман өрті мәселелерімен көп жылдар тікелей шұғылданған.

Айтуынша, Баянауыл тауларын шарпыған талай алапат өртке куә болған.

— Жыл сайын көктемде шөптерді өртеп, минералды жолақтар жасалатын. Биыл біз мерзімі бойынша сәл үлгермей қалдық. Оның үстіне күн тез жылынып кетті. Өртке себеп болатын фактор көп. Әрі орман өртінің өзі де төменгі, жер астындағы (торфты) және жоғарғы болып бөлінеді. Ағаштардың дініне тиіспейтін, жоғары жақтағы бұтақтарын шарпитын өрт тез таралуымен қауіпті. Әсіресе, дауылды күндері көз ілеспес жылдамдықпен зырғиды. Ал топырақ астынан келетін жалын ағаштың тамырына кіретіндіктен ондай жердегі орманның қалпына келуі екіталай. Бір жылы Қарағанды жақтан қалың өрт келіп, Мұрынталдағы қарағай ормандары жанып кетті. Ұлттық парк аталған аумақты толықтай есептен шығарған еді. Табиғаттың тамашасы ғой, арада екі жыл өткенде әлгі орман өз-өзінен қалпына келе бастады. Тамыра сақталып қалғандықтан, өміршеңдігін жоймаған, — деп өз тәжірибесін бөлісті Ерғалым Қайырденов.

а
Фото орманшы Ерғалым Қайырденовтың жеке архивінен

Атап өтерлігі, биыл ұлттық парк аумағында 8 бақылау мұнарасын орнату жоспарланған. Мұнаралар іске қосылса, орман өрттерінің алдына алу жұмыстары ширай түседі деген үміт зор.

Орман өртінің алдын алудың кешенді тәсілдерінің бірі — мамандардың сапасын арттыру. Өкінішке қарай, жоғары білімді жас кадрлар ауылдық жерлерге барғысы жоқ.

Орман мекемелері бұл үшін жас мамандарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын әзірлеп, енгізуді, еңбекақы төлеу жүйесін қайта қарауды, сондай-ақ ауылдық жерлерде кәсіби даму мүмкіндіктерін тудыруды сұрайды.

Бүгінде орманшыларды еңбекақысы 140 000 теңгеден басталып, 350 000 теңгеге дейін жетеді.

а
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Еске сала кетейік, еліміздің 8 облысында орман өртін сөндіру станциялары тапшы.  

орман
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

 

Соңғы жаңалықтар