Ертіс бойына көктем қашан келеді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ауа райын болжаушылардың мәліметінше, наурыз айында күн райы құбылмалы болады. Өңір тұрғындары көктемнің нағыз шуағын айдың ортасына қарай сезіне алады.
«Қазгидромет» РМК өңірлік филиалы наурыз айында орташа ауа температурасы нормадан бір градусқа жоғары болатынын хабарлады. Айдың басында ауа температурасы түнде -8… -13°С-қа дейін, күндіз -3… +2°С-қа дейін көтеріледі деп күтіліп отыр. Одан кейін түнде -19… -24°С-қа дейін, күндіз -7… -12°С-қа дейін төмендейді деп болжанады
- Екінші онкүндікте ауа температурасының біртіндеп көтерілуі күтіледі: түнде −3… +2 °C-қа дейін, күндіз +7… +12 °C-қа дейін, облыстың оңтүстігінде +15 °C-қа дейін. Соңғы онкүндікте температура жиі ауытқиды: түнде −3… +2 °C-тан −8… −13 °C-қа дейін (облыстың оңтүстігінде −5 °C-қа дейін), күндіз +7… +12 °C-тан (оңтүстікте +15 °C-қа дейін) −3… +2 °C-қа дейін төмендейді, - деп хабарлады ауа райын болжаушылар.
Сондай-ақ бұл айдағы жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады. Наурыздың басында қар жауып, бұрқасын күтіледі, ал айдың ортасына қарай жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ болуы мүмкін. Ай бойы ауық-ауық секундына 15–20 метрге жететін екпінді жел соғуы ықтимал.
Бұған дейін СҚО-да наурызда ауа райы қандай болатынын жазғанбыз.