Ертіс бойында 10 тіл білетін оқушы тұрады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Әсел Абдурахимова небәрі жеті жасынан әлемнің барлық астаналарын білетін. Ал тоғызға толғанда француз тілін өздігінен үйрене бастаған.

 Әсел Абдурахимова
Фото: Павлодар облыстық білім беру басқармасы

Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған № 8 мектеп-лицейінің оқушысы Әсел Абдурахимова еліміздегі жас полиглоттар арасында айрықша танылған талантты қыз.

Ол бүгінде әлемнің 10 тілін біледі әрі оның басым бөлігін өз бетінше меңгерген.

Шетел тілдеріне деген қызығушылық бала кезінен басталыпты. Жеті жасында-ақ ол әлем елдерінің барлық астаналарын білетін әрі түрлі мәдениет өкілдерімен сөйлесуді армандайтын.

— Тоғыз жасымда француз тілін өздігімнен үйрене бастадым. Ал он бірге толғанда Павлодар қаласындағы алғашқы курсқа бардым. Ағылшын тілін 2018 жылдан бері оқып келемін. Бұл тіл қазіргі уақытта күнделікті өмірімнің ажырамас бөлігіне айналған. Қытай тілін курстарда оқып меңгердім. Қазір оны жалғастырып, халықаралық HSK 3 деңгейі (B1) емтиханын тапсыруға дайындалып жүрмін, — дейді Әсел.

Мемлекеттік тіл мен өз ана тілі — тәжік тілінен бөлек өзге тілдерді, атап айтқанда өзбек, орыс, испан, италия және жапон (N4) тілдерін әлем мәдениеттеріне деген қызығушылығы мен түрлі халықтарды түсінуге деген ұмтылысының арқасында толықтай өз бетінше меңгерген. Ол бұл тілдердің барлығында еркін сөйлейтін дәрежеге жетіп отыр.

— Мен әрдайым саяхат жасап, түрлі елдердің адамдарымен еркін сөйлесуді армандайтынмын. Тілдер — мен үшін мәдениеттерге, адамдарға және мүмкіндіктерге ашылатын кілт. Келесі мақсатым — араб тілін үйреніп, БҰҰ-ның алты ресми тілін толық меңгеру. Бұл мені алға ұмтылдыратын және жаңа көкжиектерді ашуға шабыттандыратын арман, — дейді ол.

Әсел бүгінде 11-сыныпта оқып жүр. Мектеп әкімшілігі полиглот қыз оқушылар арасында еңбекқорлығымен және тәрбиесімен өзгелерге үлгі екенін атап өтті. Оның жетістіктері құрбы-құрдастарын ынталандырып, білімге деген талпыныс пен табандылық орасан нәтижелерге жеткізетінін дәлелдеп отыр.

Еске сала кетейік, павлодарлық оқушы су айдындарының сапасын тексеретін дрон құрастырды

Соңғы жаңалықтар